Балаларға арналған «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі пысықталды
Жоғары білім алуды қолжетімді ету үшін мемлекет «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізеді. Бұл туралы Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы мен Жолдауын іске асыру жөніндегі Республикалық штабтың отырысында айтылды. Бұл жүйе балаға шот ашып, 18 жасқа дейін қаражат жинау есебінен жүзеге асады.
60 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде білім алуға бастапқы капитал салады. Бұдан әрі оған ата-аналардың ерікті жарналары, 5-7% мөлшерінде жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс есебінен қаражат жинақталады. Осылайша айына 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі ең төменгі жарна салынып отырса, бала 18 жасқа толғанда шотында 3,3 млн теңгеден астам қаражат жиналмақ.
Тиісінше ата-аналардың ерікті жарналары, мысалы, айына 3 айлық есептік көрсеткішке дейін көбейсе, 7 млн теңгеден астам қаражат жинақтау мүмкіндігі болады.
Айта кету керек, егер оқушыда 7 млн тг жиналып тұрса, бірақ ол ҰБТ тапсыру қорытындысы бойынша мемлекеттік грантқа ілінсе, онда шотында жинақталған ақшаны тұрғын үй сатып алуға жұмсай алады.