Хабар телеарнасы

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Қызылорда облысына келді

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Қызылорда облысында. Арал ауданындағы Сексеуіл, Сапақ және Шөміш елді мекендерінде болған денсаулық пойызындағы 22 маман қазір тораптық Белкөл станциясының тұрғындарын қабылдап жатыр. Жалғыз фельдшерге күні қарап отыратын ауылдықтар ультра дыбыстық зерттеу, рентген, эндоскопия сынды қондырғыларға таңсәріден кезекке тұрып алған. Дәрігерлер ауызсудың сапасыздығына байланысты тұрғындардың ішкі құрылысынан кінәрат көп анықталып жатқанын айтады. Медициналық-әлеуметтік жоба аясында заңгерлік және медиаторлық көмектер де беріліп жатыр. 

ЖАННА БЕКМҰХАМБЕТОВА, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР ІСІ ЖӘНЕ ОТБАСЫЛЫҚ-ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ САЯСАТ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯ ӨКІЛІ
- Бұл жобада кез-келген азамат барлық мәселелерге қатысты құқықтық, медиативтік ең үздік кәсіби заңгерлерден тегін және толық көлемде көмек пен кеңес ала алады. Оның ішіндегі азаматтық жер, тұрғын үй, еңбек, банк, салық, отбасы, неке және басқа да көптеген мәселе бойынша кеңестер көрсетіледі.