Еліміз есірткімен күресте қандай жұмыс жүргізіп жатыр?
Әлемде мың түрлі есірткі болса, соның 700-і Қазақстанда бар. Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Мәжілісте өткен Үкімет сағатында айтты. Ведомство басшысының сөзінше, елімізде наркобизнеспен күресу үшін 2023-2025 жылдарға арналған арнайы бағдарлама қабылданыпты. Ал депутаттар не дейді?
Ғасыр дертіне айналған нашақорлық біздің елді де айналып өтпеді. Ал онымен күрес қалай жүріп жатыр? Қазір рет-ретімен баяндаймын. Есірткі – қазір әлем бойынша ең күрделі қауіп-қатерлердің бірі. Соңғы 10 жылда дүниежүзінде оған тәуелді адамдардың қатары 23% өсіп, 240 млн-нан 296 млн адамға дейін жеткен. Мұндай проблема өкінішке қарай біздің елде де бар.
Қазақстанда жыл сайын шамамен 20-25 тонна есірткі айналымда жүреді. Кейінгі жылдары әсіресе, синтетикалық есірткі көбейіп барады. Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің сөзінше, елімізде соңғы 5 жылда тәркіленген синтетикалық есірткі 10 келіден 1 тоннаға дейін көбейді. Биыл тәркіленгені былтырғымен салыстырғанда 88% көп. Осыдан оның қаншалықты жылдам қарқынмен белең алып барып жатқанын аңғаруға болады. Ал наркобизнеспен күрес қалай жүріп жатыр? Министрдің айтуынша, есірткіні кәсіпке айналдырған қазір әлеуметтік желілерді жиі пайдаланатын болған. Оларды анықтау қиын болса да, нәтиже де жоқ емес»,— дейді бас полицей.
Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:
-Қазір есірткі қылмыстары толығымен кибер-кеңістікке қарай өтті. Бұл ретте «крипто-кошелек», «мессенджер» және басқа да инновациялар қолданылуда. Күресу тәсілдері де үнемі жаңарып отырады. «Киберқадағалау» жүйесі арқылы анықталған есірткі сайттары бұғатталады. Есірткі тұтынушылар арасында «Телеграм» мессенджері басым танымал. Жыл басынан бері чаттар, арналар, сайттар секілді 6 мыңнан астам ақпараттандыру объектілері әрекеттерінің жолы кесілді. «Телеграмда» 1,3 мың интернет-дүкен жабылды.
Хабарландыру сайттарындағы «жасырын» есірткі жарнамасы да полицейлердің бас ауруына айналған. Белгілі платформаларда есірткі сатушылар жастарды «жұмыс береміз» деп алдап шақырып, арам іске араласуды ұсынады екен. Жыл басынан бері 4 мыңнан астам хабарландыру анықталып, бұғатталған. Алайда олардың азаятын түрі жоқ. «Қаншама ұйымдасқан топ ұсталып, кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанымен депутаттар бұл күресті мардымсыз»,— дейді. Мәселен, алдағы 3 жылға қабылданған бағдарламаның өзі әлсіз екенін айтады.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Медициналық оңалтумен қамту 2023 жылы 26% болса, 2025 жылы 30% жетеміз дейді. Сайттарды бұғаттау 2023 жылы 25%, 2025 жылы 30%. Прекурсорлар мен есірткілердің тізімін жаңарту 5%. Өте сондай әлсіз. Біржақты, қолжетімді индикаторлар неге қоямыз?
Депутаттар көтерген келесі мәселе елде зертханалық мүмкіндіктер аз. Яғни лабораториялар сараптама жүргізуді ұзаққа созады. Тәркіленген есірткі затына қандай да бір қорытынды шығару үшін бізде кемінде 10 күн уақыт қажет. Кейде бұл жұмыс 1 айға дейін жалғасады. Салдарынан тергеу ісі де созбалаңға салынады. Әсіресе синтетикалық есірткілердің түрі мен құрамы күнде өзгеріп жатыр.
Снежана Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Оны сараптап, анықтау үшін қымбат жоғары технологиялы жабдықтар қажет. Қазіргі таңда синтетикалық есірткілерді толық және уақытылы зерттейтін құралдар Қазақстанның көптеген облысында жоқ. Сонымен бірге қоғамдық белсенділер келесі қиындықтар туралы айтты. Нашақорлық пен есірткі бизнесінің алдын алу және оған қарсы күрес үнемі және жүйелі деңгейде жүргізілмейді. Көптеген іс-шаралар қаржыландыруды талап етеді. Қаражат бөлгенімен, әрдайым жеткіліксіз.
Одан қалды заңнаманы күшейту қажет. Елімізде қазір есірткіні тек қоғамдық орындарда пайдалануға тыйым салынған. Министрдің сөзінше, бүгінде Мәжілісте арнайы заң жобасы қаралып жатыр. Онда жазаны қатаңдату қарастырылған. Мәселен, есірткі зертханаларын жасағандарға қазіргі заңда 10-нан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы болса, министрлік ұсынған түзетулерге сәйкес ондай адамдар енді 15-20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ең сорақысы, есірткі бизнесіне үлес қосып жүрген полицейлер де бар екен. Биыл ондай 11 қызметкер ұсталған. Министр «оларды «сатқын» деп атап, алдағы уақытта мұндай бассыздыққа жол бермеуге тырысамыз»,— деді.
Жалпы есірткінің адам денсаулығына зияны орасан. Әлемде жыл сайын 500 мыңнан астам адам есірткіден қайтыс болады. Мәжілістегі Үкімет сағатына қатысқан Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев: «Есірткінің залалынан гөрі, оған байланысты қылмыстық жауапкершілікті жиі жарнамалау керек дегенді айтады. Сонда ғана жастарымызды бұл індеттен сәл де болса, алыстатар едік»,— дейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев есірткімен мықтап күресуді құзырлы органдарға қатаң тапсырған болатын. Ішкі істер министрлігінің әзірлеген жұмыс жоспары да соның нәтижесі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Нашақорлық – ұлт саулығына зор қауіп төндіретін кесел. Есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатыр. Біз есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шабуға тиіспіз. Әйтпесе бүкіл еліміздің болашағы бұлыңғыр болады. Бұл мәселе мені қатты алаңдатады.
Жалпы бұл бір күнде шешіле қоятын мәселе емес. Бастысы күрес күшейтіліп жатыр. Құзырлы органдардың күресі нәтижелі болып, өскелең ұрпақ есірткінің заты тұрмақ, атын білмесе екен деп тілейміз.
Авторы: Дамир Берікұлы