Павлодар облысында 55 энергетик баспанамен қамтылады
Тәуелсіздік күні қарсаңында Павлодарда энергетика саласының мамандарын тұрғын үймен қамту мақсатында жаңа бағдарлама іске қосылды. Оны жүзеге асыру үшін ERG, «Отбасы банк» пен Павлодар облысының әкімдігі арасында үшжақты меморандумға қол қойылды. Ақсу электр станциясының құрылғанына биыл - 55 жыл. Осыған орай 55 энергетик баспанамен қамтылады.
Бағдарламаны іске асыруға әр тарап 300 млн теңгеден қаражат бөлетін болды. Осылайша жалпы бюджеті – 900 млн теңгенің қоры құрылады. Бұл ақша кәсіпорында қызмет ететін 55 отбасын жеке шаршы метрлермен қамтамасыз етуге жетеді. «Корпоративтік өнім» бағдарламасы ERG Ақтөбе мен Қарағанды облыстарында орналасқан кәсіпорындарында да сәтті іске асып жатыр.
Данияр Рахматуллаев, «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ бас директорының орынбасары:
- Мен бұл бағдарлама моноқалада іске қосылып жатқанын атап өткім келеді. Отбасы банк, облыстық әкімдік пен Еуроазиялық топ арасында әріптестік орнады. Нәтижесінде станцияда еңбек ететін 55 отбасы баспанамен қамтылады. Кәсіпорынның 55 жылдығы қарсаңында энергетиктердің тұрғын үй жағдайын жақсарту біз үшін маңызды.
Бағдарлама қатысушыларын «Отбасы банк» 5%, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 5,2% несиелендіреді. Бастапқы жарнасы бар болғаны 10% ғана. Соңғы 5 жылда ел аумағында баспанасы болмаған, үйге мұқтаж қызметкерлер қатысады.
Талғат Баилов, «Отбасы банк» АҚ Павлодар ОФ директоры:
- 10% бастапқы жарна және Отбасы банк оларға 5% үстемемен займ береді. Республикалық экономикалық көрсеткіштермен есептейтін болсақ, бұл тұрғындар үшін тиімді деп ойлаймын.
Жеңілдетілген пайызбен несиелеу сомасы орташа есеппен 15 млн теңгені құрайды. Сатып алатын пәтер Ақсу қаласында болады. Жаңа немесе екінші нарықтан екенін энергетиктер өздері таңдайды. Қосымша қаржы қосуға рұқсат етіледі.
Дәурен Жамбайбек, Павлодар облысы әкімінің орынбасары:
- Енді Еуроазиялық топ өздеріңіз білесіздер өзінің әлеуметтік жауапкершілігі өте жоғары компания. Бұдан басқа біз жыл сайын 3 млрд сомаға тең меморандумға жыл сайын қол қоямыз. Біз әлеуметтік маңызы бар жобаларға осы 3 млрд жаратамыз.
Бүгінгі күні Ақсу электр станциясында 200 адам баспана кезегінде тұр. Жоба тиімділігін көрсетсе ары қарай жалғасады.
Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков