Ұлытау облысында көпбалалы отбасылар баспаналы болды
Ұлытауда қоныстой. Бұл жолы жаңаарқалық көпбалалы аналар баспаналы болды. Ауданда биыл аталған санаттағы отбасыларды тұрғын үймен қамту жұмыстары басталған болатын. Оған Ұлттық қор мен республикалық қазынадан 250 млн теңге бөлінді. Осы қаржыға сатып алынған 26 пәтер кезегін күткен аналарға үлестірілді.
Мұқажан Жұмажанов ауылынан су жаңа пәтердің кілтін алған Әтембековтер отбасының қуанышында шек жоқ. 3 жылдан бері үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасы Тәуелсіздік күнін жаңа баспанада тойлады.
Мархаба Әтембекова, М.Жұмажанов ауылының тұрғыны:
-Кезекке тұрғанда басында ойламадық біз шынымен болады деп. Аллаға шүкір бүгін кілтті алып жатырмыз. Рақмет. Үйі жоқтарға жұғысты болсын. Қарап шықтым, өте керемет ұнады. Жылы. Ойымдағыдай болды.
Ал бұл — Қараағаш селолық округіне қарасты Ынталы ауылы. Кезінде жайлы жұмыс іздеп қалаға қоныс аударған ағайын біртіндеп ауылға қайта бастаған. Шағын елді мекенде биыл орталық көшеге жол төселді. Жақын күндері фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға беріледі. Мереке қарсаңында қос отбасы баспаналы болып, қуанышқа кенелді.
Эльвира Әлтаева, Ынталы ауылының тұрғыны:
-Қазіргі сезімімді айта алмаймын. Жеткізе алмай тұрмын. Өзіміз де осылай үй салсақ деп армандап жүргенбіз. Уайымдап жүргенбіз қалай үй саламыз деп. Аяқ астынан әкім сіздерге үй беріледі деген соң қуанып, мәз болып жатырмыз.
Жаңаарқа ауданына қарасты ауылдарда жыл басынан бері жалғызбасты әрі көпбалалы 26 отбасы қоныстойын тойлады. Бұл жұмыстар келер жылы да жалғасатын болады.
Мұрат Ибраев, Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары:
-2024 жылды айтатын болсақ, көпбалалы аналарға 46 пәтерді сатып алу жолымен береміз деп жоспарлап отырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүргізудегі мақсат – ауылдық елді мекендерге халықты тұрақтандыру.
Жалпы Жаңаарқада соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді. Аудан орталығы Атасу кентінде биылдың өзінде 192 пәтерді құрайтын көпқабатты 4 үйдің құрылысы басталды. Аталған үйлер мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатыр. Бұдан бөлек баспана тұрғызуға ниетті бірнеше кәсіпкер аудан әкімдігіне өтініш білдірген. Ол бойынша жер телімдерін анықтау жұмыстары атқарылуда.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев