«Алматы апорты» халықаралық бренд ретінде қашан тіркеледі?
Авторлық құқықтың сақталуы еліміздің барлық саласын қамтуы тиіс. Мәселен, енді апорт алмасы тек Қазақстанға ғана тиесілі.
Апорт өсірушілер қауымдастығы оған құқық иесі ретінде ресми тіркелді. Оның ерекшелігі сол, көлденең көк аттыға апорт атауын пайдалануға тиым салынады, жемістің сапасына талап өседі, кепілдік беріледі. Және оның қосымша құны өсіп, басқа алма түрлерімен салыстырғанда бағасы жоғарырақ болады. Және ең басты шарт – апорт әлемдік брендке айналады.
Айдын Артықова, ҚР Әділет министрлігі «Ұлттық зияткерлік меншік» институты директорының орынбасары:
- Мысалы, біз Қазақстанда отырып, пармезан ірімшігінің Пармадан шыққанын біліп отырмыз. Швейцариялық сағаттың Швейцариядан немесе Тибет медицинасының Тибеттен шыққанын біліп отырмыз ғой. Сол сияқты Алматы апорты дегенде әлемдегі көпшілік бұл алманың Алматыдан, Қазақстаннан шыққандығын растайтын құжат берілді осы биыл.
Авторлық құқықтың қорғалуы Зияткерлік меншікті жетілдіру бойынша әзірленіп жатқан заң жобасында көзделмек. Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова алдағы жылдың сәуір айында құжат Мәжіліске кіретінін хабарлады. Онда авторлық құқықты меншіктеп алу, т.б құқықбұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік қатаңдатылмақ.