Маңғыстауда 6 ай бойы жанып жатқан ұңғыма сөндірілді. Өңір жаңалықтары
Маңғыстау облысындағы «Оңтүстік Қаратұрын» кен орнының ұңғымасында жарты жыл бойы лаулап жанған өрт сөндірілді. Сарапшылар апаттың күрделі болғанын айтады.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті жер қойнауын пайдаланушы мен қызмет көрсететін ұйымдардың кемшіліктерге жол бергенін анықтаған. Өртті сөндіру үшін бірнеше апаттық ұңғыма бұрғыланып, жалынды басуға арналған арнайы ерітінді толтырылған. Енді ұңғыманы цементтемек. Кен орнын қалпына келтіру жұмыстары да бар.
Қостанай облысында желдің жылдамдығы секундына 28-30 метрге дейін жетті.
Ағаштар құлап, үй шатырлары ұшып, ғимараттар бүлінді. Ақтүтек боранда қала ішінде 10 машина бір-бірімен соқтығысты. Жарақат алған жүргізуші ауруханаға жетікізілген. Облыста барлық бағыттағы жолдар жабылды. Соған қарамастан сапарлап шығып, жолда қалғандар бар. Барлығы құтқарылды. Айы күні жақындаған бір жүкті әйел ауруханаға жеткізілді. Жүзден астам елді мекен жарықсыз қалды. Қазір қалпына келтіріліп жатыр.
Ал Ұлытау облысында соңғы 2 айда 147 адам қызылшамен ауырған.
90% астамы - 14 жасқа дейінгі бала. Өңірдегі 13 мектеп пен 12 балабақшада кеселдің ошағы анықталды. Облыс бойынша 13 мыңға тарта адам иммундаудан өтуі тиіс еді, бірақ қазіргі көрсеткіш 50% жетпейді. Сондықтан тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары күшейтілді.