Қайрат Сатыбалдыға қатысты жаңа тергеу жүріп жатыр
Ол салық төлеуден жалтарған деген күдікке ілікті. Мұны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі мәлімдеді. Айтуынша Қайрат Сатыбалды қылмыстық жолмен алынған қаражатқа және заңсыз ақшадан түскен пайдаға, түрлі мүлік пен ақшаны Қазақстан және шетелдегі банк шоттарына салған. Естеріңізге сала кетейік, Сатыбалды былтыр 6 жылға бас бостандығынан айырылып, дүние-мүлкі тәркіленді. Мемлекетке жалпы сомасы 650 миллиард теңге заңсыз сатып алынған активтер мен ақшалай қайтарған.
Арман Тілеукенов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:
-Агенттік қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстату фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 218-бабы 3-тармағының 3 бөлігімен сотқа дейінгі тергеуді аяқтап, сотқа жіберді. Қайрат Сатыбалды қылмыстық жолмен алынған және заңсыз ақшадан түскен пайдаға түрлі мүлікті, оның ішінде шетелден де сатып алған. Ақшаны Қазақстан аумағындағы және шетелдегі банк шотына салған.
Сонымен қатар өткен жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 41,4 млрд теңге шығынның алдын алды. Бұл мемлекеттік сатып алу мониторингі барысында анықталды. Мемлекеттік қызметшілер көбінесе кеңсе тауарларын, жанар-жағармай материалдары мен азық-түлік өнімдерін сатып алуда бюджет көлемін көбейтіп көрсеткен. Мәселен, былтыр наурыз айында Қостанай облысына қарасты аудандық Білім бөлімі жазғы дизель отынын литріне 580 теңгеден алмақ болған, ал ол уақытта бір литрі 250 теңгеден төмен болған екен.