Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 112 жыл
Бүгін қазақтың біртуар ұлы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 112 жыл. Осыған орай Қонаев қаласында көрме, концерт ұйымдастырылып, Димаш Ахметұлына арналған өлең жырлары оқылды. Қала тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері Қонаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, асыл перзентінің ерлігін еске алды. Қазақстан картасындағы Торғай, Жезқазған, Маңғыстау, Талдықорған сияқты жаңа облыстардың ашылуы осы кісінің еңбегімен тікелей байланысты. Бұрынғы Қапшағай қазіргі Қонаев қаласы да Дінмұхамед Ахметұлының бастамасымен салынған.
Аманкелді Беспаев, қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы:
-Биыл біздің қаламызға «Қонаев» аты берілгеніне екінші жыл болады . Жалпы Алматы облысында, Алматы қаласында үлкен құрылыстар болады. Үлкен зауыттыр болады. Жұмыс орны болады. Бүкіл халыққа жақсылық болады. Еліміз аман болсын. Аспанымыз ашық болсын.
Ал алматылықтар Қонаевтың мүсініне гүл шоқтарын қойып, құран бағыштады. Музейіне барды. Дінмұхамед Қонаевтың мұражайы 2002 жылы 90 жылдық мерейтойына ашылған. Содан бері мұнда адам қарасы үзілген емес. Ал 2012 жылы Дінмұхамед Ахметұлының өзі тұрған пәтері мемориалдық музей болып ашылды. Ол жерде 8 мыңнан астам жәдігер бар. Ал Ақтөбеде мемлекет және қоғам қайраткерінің туған күніне орай, шығарма жазу мен сурет байқауы және шахмат турнирі өтті. Оған қала бойынша 40 мектептен 250-ден аса оқушы қатысты. Шымкентте бүгін жаңа мектеп ашылып, оған Қонаевтың есімі берілді.