Аққулардың қырылуына не себеп?
Маңғыстау облысы Қарақия ауданында халықтың теңіз жағасына баруына уақытша шектеу енгізілді. Себебі қанаттылардың өлекселері Қаракөлден бөлек, теңіз жағалауынан да табылып жатыр. Бір ғана Құрық ауылында 20 аққудың өлексесі өртелген. Жалпы өңірде жаппай қырылған аққу саны мыңнан асты. Экологтар Каспий суынан сынама алып, құрамында ластаушы заттардың бар-жоғын тексеріп жатыр. Бұған дейін мамандар «аққулар құс тұмауынан қырылып жатыр» деген қорытынды жасаған. «Сондықтан бұл індеттің үй құстарына жұғуына жол бермеу керек»,— дейді мамандар.
Қайсар Нәдірбек, облыстық Экология департаментінің бас маманы:
-Анализ қорытындысы 1-5 күн аралығында дайын болады. Каспий теңізіне ластаушы заттардың, яғни мұнайдың төгілуін анықтаймыз. Мұнай өнімдері құстарға әсер етуі мүмкін.