Жамбыл облысында гибридті электр станциясы салынады
Жамбыл облысында 1 гигаватт жел энергиясын пайдаланатын жаңа гибридті электр станциясы салынады. Ол «Мирный» жобасы аясында жүргізіледі. Оны Қазақстан мен Франция жүзеге асырады. Мақсат - энергетика көздерін дамытып, жаһандық жылумен бірлесіп күресу.
Сенатта тиісті заң мақұлданды. Біріккен жұмыстың негізінде елде ауаға шығарылатын көмірқышқыл газы жылына 2 млн тоннаға азайтылмақ. Бұған қоса 250 тұрақты және 2500 уақытша жұмыс орны ашылмақ.
Жобаға шамамен 820 млрд теңге инвестиция тартылады. Электр станциясын 2026-2027 жылдары іске қосу жоспарланған.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев таяуда Дубайда өткен климат жөніндегі саммитте аса маңызды мәселелерді көтерді. Метан қалдықтарын азайту жөніндегі жаһандық міндеттемеге Қазақстанның қосылатынын мәлімдеді. Қаралған арнайы келісім елімізде жаңартылатын энергия саласындағы ірі жобаны іске асыруды көздейді.