СІМ: Т. Канделаки елге кірмейді
Еліміздегі тіл мәселесі туралы шындыққа жанаспайтын жазба жариялаған ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки Қазақстан аумағына кіргізілмейді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты.
Еске сала кеткен жөн, Тина Канделаки жуырда ресейлік телеарналардың бірінде директор міндетін атқарушы қызметіне тағайындалды. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында Қазақстандағы бірқатар теміржол станса атауларының мемлекеттік тілге өзгертілуін орыс тілінің аясын тарылту шарасына теңеген еді.
Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
- Көрші елдегі азаматтар біздің ел туралы беймәлім екені кішкене өкпелетеді. Біз туралы ақпарат оларда дұрыс емес. Біздің елге келіп көрсін қалай өмір сүріп жатқанымызды. Ойдан шығарып жаза беріп, әлеуметтік желіде қырылысқанша өз жұмысымызды ары қарай жалғастырайық. Ол Қазақстанға келе қоймас, келген жағдайда кірмейді.
Қазақстан азаматтары Нигер астанасы Ниамей қаласында қамауға алынды деген ақпарат жалған. Айбек Смадияровтың сөзіне сүйенсек, шетелдік әскерилер екі отандасымыздың төлқұжатын тәркілеген. Осыған байланысты қос қазақстандық елге қайта алмай отыр. Қазір дипломаттар мәселені шешу үшін келіссөз жүргізіп жатыр.
Естеріңізде болса, былтыр шілде айында Африка батысындағы мемлекетте әскери төңкеріс болды. Саяси тұрақсыздық салдарынан ведомствоаралық байланыста кедергілер бар.
Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
- Оларға жүріп-тұруға шектеу қойылмаған. Екеуі де қонақүйде тұрады. Бірақ жергілікті әскерлер олардың төлқұжаттарын тәркілеп алған. Біз қазір осы мәселені шешу үшін бар күшімізді салып жатырмыз.