Kaspi.kz компаниясы NASDAQ қор биржасында табысты IPO өткізді
Қазақстандық ірі технологиялық Kaspi.kz компаниясы АҚШ-тағы NASDAQ қор биржасында табысты IPO өткізді.
Өткен аптада Нью-Йорктің орталығы әйгілі Time Square-де еліміздің жалауы желбіреді. Бұған Қазақстандық Kaspi.kz компаниясының АҚШ-та ІРО-ға шығуы сеп болды. Оқиға көпшіліктің назарын аудартты.
Михаил Ломтадзе, Kaspi.kz негізін қалаушылардың бірі, әрі басшысы:
-Нью-Йорктің ортасындағы Time Square-де Қазақстанның үлкен жалауы желбірегенін көргенде кеудемізді кернеген мақтаныш сезімін сөзбен айтып жеткізу қиын. Біз сіздермен бірге Қазақстанды жаңа деңгейге көтердік. Қазақстанды әлемдік инновация картасына енгіздік және әлемнің көптеген елдері, компаниялары мен инвесторлары үшін үлгі болдық. Kaspi.kz дамуында жаңа кезең басталды. Енді біз де сіздердің әрқайсыңыздың және ел алдында бұдан да үлкен жауапкершілік тұр. Біздің сүйікті тұтынушыларымыз бен серіктестерімізге бізбен бірге болғандарыңыз үшін рақмет дейміз!
IPO – бұл қор биржасында акцияларды орналастыру. Бірнеше жыл бұрын қазақстандық Kaspi.kz Лондонда IPO өткізіп, сол тұста Еуропадағы ең ірі компаниялардың біріне айналып, әлемнің жетекші инвесторларының назарын Қазақстанға аударған еді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Бұл саладағы жүйелі әрі жан-жақты жұмыстар бізді Орталық Азиядағы ең ірі, посткеңестік кеңістікте жылдам дамып келе жатқан экономикалардың біріне айналдырды. Финтех саласындағы өңірлік көшбасшы Kaspi.kz-тің IPO-сы капитал нарығының динамикасы мен ілгерілеуіне мүмкіндік берді.
Енді Kaspi.kz АҚШ қор нарығын бағындырды. Бұл жолы IPO NASDAQ биржасында өтті. Онда Apple, Amazon, Google және әлемнің басқа да көптеген жетекші технологиялық компанияларының акциялары орналасқан. Ал Kaspi.kz-тің IPO-сы өткен жылдың қазан айынан бері АҚШ-тағы ең акция болды.
Кэрен Сноу, NASDAQ жаһандық орналастыру жөніндегі жетекшісі
-Kaspi.kz 17 жыл бұрын Қазақстанда, Алматыда құрылған уақыттан бері компания халықтың өмірін жақсартуды өзінің миссиясына айналдырып, цифрландыруға үлкен үлес қосты. Kaspi.kz суперқосымшасы қазақстандықтардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналды. Сіздің командаңызды құттықтаймыз. NASDAQ Kaspi.kz-пен серіктес болғанын мақтан тұтады және Қазақстаннан АҚШ-та IPO жасаған бірінші компанияны қарсы алады.
Михаил Ломтадзе, Kaspi.kz негізін қалаушылардың бірі, әрі басшысы:
-Көп рахмет! Болашақты бірге жасайық. Біз адамдардың өмірін Қазақстанда да, оның сыртында да жақсартуды ары қарай да жалғастырамыз.
Kaspi.kz-тің америкалық қор нарығына сәтті шығуы Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын жаңа деңгейге көтеріп, еліміздің қарқынды цифрлық трансформациясының табысты жүріп жатқанын айқын көрсетеді.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Бахытбек Нұртаев