Астана агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді
Соңғы 10 жылда Астана іргесіндегі ауылдардың халқы 6 есе көбейген. Бұл ресми болмаса да, нақты статистика. Бүгін мұны Үкіметте Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов айтты. Астана агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын баяндаған Үкімет мүшелері, елорда мен оның айналасындағы 40 шақты елді мекенде 1 трлн теңгеден астам қаржыға 300-ден аса іс-шара жүзеге асырылатын жеткізді.
Үкімет Астананың айналасындағы ауылдарды дамытамыз деп жүргеніне биыл міне, тура 10 жыл болды. Бірақ нәтиже шамалы. Неге? Жауапты министрліктер мен әкімдер Астана агломерациясы деген айдармен әр 3-4 жыл сайын жаңа құжат әзірлейді. Бүгін міне, сондай жоспардың тағы бірі бекітілді.
Жалпы Астана агломерациясын дамытудың кешенді жоспарына Ақмола облысының Қосшы қаласынан бастап бас-аяғы 46 елді мекен енгізілді. Олардың 30 шақтысы Целиноград, 12-сі – Аршалы, ал үшеуі – Шортанды ауданының ауылдары. «Дәл осы ауылдарда алдағы жылдары біраз шаруа жасалады»,— дейді Үкімет мүшелері.
Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:
-Қосшы қаласында 1200 орындық мектеп, 280 орындық балабақша және 350 орындық көпбейінді аурухана салынады. Сонымен қатар ауылдық жерлерде 9 мәдениет үйі, 3 демалыс орталығын, 2 мәдени ойын-сауық кешенін және 50 келушіге алғашқы медициналық көмек орталығын салу жоспарлануда.
Ал қалған ауылдарда ше? Нұрлан Байбазаровтың сөзінше, агломерацияға кіретін 46 елді мекенде алдағы жылдары 400 шақырымнан астам жол жөнделіп, тағы 300 шақырым жол жаңадан салынбақ. Кәріз жүйелерін тартып, электр желілері жаңартамыз деген жоспары бар. Нашар жол мен мектеп тапшылығын былай қойғанда, Астананың іргесінде отырып, ауызсуға жарымай отырған ауыл көп. Бұл мәселені соңғы жылдары депутаттар да жиі көтеріп жүр. Алайда проблема әлі күнге дейін шешілер емес.
Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Мысалы, Аршалы ауданы Жібек жолы, Целиноград ауданы Қараөткел ауылдарының ауызсумен қамтылуы тек 40% құрайды. Егіндікөл және Талапкер ауылдарында осы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі де өзекті. Себебі сумен жабдықтау желілері 15-40% дейін тозығы жеткен. Аталған ауылдар ауызсуды елордадан тасуға мәжбүр. Ауыл тұрғындарының көлігінің арты толған боклашкалар, бөшкелер.
«Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов алдағы 3-4 жылдың ішінде ауызсу мәселесі толық шешіледі»,— деп сендірді. Бірақ бұл тұста қиыншылық та жоқ емес. Әкімнің айтуынша, халық саны жайлы ресми статистика мен нақты тұрып жатқан адамдардың есебі бір-біріне кереғар. Ал жобалардың барлығы ресми санаққа сүйеніп жасалады. Ақырында осыдан бірнеше жыл бұрын жасалған жобалық-сметалық құжаттар қазір жарамсыз болып отыр.
Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:
-Мысалы, Жібек жолы халқы 5,5 есе өскен. Егер 2014 жылы ол жерде санақ бойынша тіркелген 4675 адам болатын болса, қазіргі біздің санақ бойынша 10 мың 622 адам, ал нақты тұрып жатқаны 30 мыңға тиісті. Талапкер 30 мың адам тұрып жатыр. 2014 жылғы санақ бойынша 6800 адам.
«Осылайша қазір Астананың іргесіндегі ауылдарда 300 мыңнан астам халық тұрып жатыр. Бұл Ақмола облысы халқының жартысына жуығы. Кейбір жобалардың созылып кетуі де осыдан»,— дейді, әкім. Осылай деген өңір басшысы Үкіметтен қосымша қаржы сұрады. Елорда маңындағы ауылдарда қоғамдық көлік те жетіспейді. Аталған сұраққа Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің жауабы дайын екен.
Жеңіс Қасымбек, Астана қаласының әкімі:
-Жалпы былтыр таңертең қалаға 900 автобус шықса, қазір 1300 автобус шығады. Қосымша тағы биыл тағы 300 автобусқа автопаркті көбейтеміз деп жоспарлап отырмыз және 15-20 жаңа маршрут ашылады. Оның төрттен бірі мына агломерацияға баратын көлік дәліздері.
Елорда әкімінің айтуынша, Астанаға күн сайын маңайдағы ауылдардан 200 мың адам жұмысқа қатынайды. Қалаға сырттан күніне 30 мың көлік кіреді. Бұл да агломерацияның басты проблемаларының бірі. Келешекте бас қалаға келетіндерге көлігін қаланың сыртында қалдыруды ұсынбақ. «Жақын маңдағы ауылдарға 2022 жылдан бастап газ құбыры тартылып, халық «пеш жақпайтын болдық»,— деп қатты қуанған еді. Бұл жұмыс тоқтап қалғандай көрінгенімен жауаптылар бәрі кестемен келеді дейді.
Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:
-2027 жылға дейін осы жоспар бойынша 46 елді мекен бәрі қарастырылған. Биыл Аққайың мен Шұбар газдандырылады. Сосын тағы да жұмыстар басталатын, 2025 жылы Қосшы қаласы. Солай-солай өзінің тізбесі бар. График бойынша ол жұмыстар атқарылады.
Үкімет басшысы енді жобалардың жүйелі жүзеге асыру қажеттігін қадап айтты. Қылтың-сылтыңға жол берілмеуі тиіс.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
-Елорда іргесіндегі ауылдарда тұрақты жұмыс орындарын ашу қажет. Әлі күнге дейін елорда айналасында азық-түлік белдеуін құру мәселесі толық шешілген жоқ. Оны мойындау керек. Оны осы елді мекендерде жасауға болады қазір. Сондай-ақ 45 ауылдық елді мекеннің әрқайсысына өзіндік экономикалық ерекшелік беру қажет.
Осылайша Үкімет Астана агломерациясын дамытудың 5 жылдық жоспарын бірауыздан бекітті. Ал оның қалай іске асарын уақыт көрсетеді.