Былтыр Қазақстанда 90 млн тонна мұнай өндірілді
«Баку-Тбилиси-Джейхан» бағытында 1,5 млн тонна Қазақстан мұнайын тасымалдау жөнінде келісімге қол қойылды. Бұған дейін тасымал көлемі 1 млн тонна еді. Енді Ақтау порты арқылы Махачкала мен Баку бағытындағы мұнай экспортын 3,4 млн тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік бар. Мұны бүгін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты. Министрліктің алқа жиынында жалпы мұнай экспортының артқаны да сөз болды. Мәселен өткен жылы 90 млн тонна мұнай өндірілсе, оның 70,5 млн тоннасы экспортқа шығарылған.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
-Каспий құбыр консорциумының қазақстандық учаскесіндегі кедергілерді жою жобасы аяқталды. Бұл өткізу қабілетін жылына 72,5 млн тоннаға дейін арттырды. Қазақстандық мұнайды «Транснефть» жаңа жүйесі арқылы және «Шведт» мұнай өңдеу зауыты бағытындағы «Дружба» мұнай құбыры арқылы Германияға 1 млн тонна көлемінде тасымалдау қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар алқа отырысында сұйытылған газ бағасы да сөз болды. Жауаптылар 1 сәуірден бастап баға 5-8 теңгеге өсуі мүмкін дегенді айтты. Бүгінгі күні сұйытылған мұнай газына белгіленген шекті көтерме бағасы оны өндіру құнынан төмен. «Егер бағада өзгеріс болмаса газ саласы шығынға ұшырап, жаңғыртуға мүмкіндік болмайды»,— дейді жауапты ведомство мамандары.