Елімізде әйелдердің өмір сүру жасы 2,5 жылға ұлғайған
Елімізде әйелдердің өмір сүру жасы алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,5 жылға ұлғайған. Ұлттық статистика бюросының мәлімдеуінше, олардың өмір сүру ұзақтығы – 78 жас. Қазір қазақстандық әйелдер саны 10 миллион 200 мыңнан асқан. Арулардың басым көпшілігі Алматы қаласы, Түркістан және Алматы облыстарында. Яғни, 63% астамы – қалалықтар, ал қалғаны ауылдық жерде тұрады. 3 миллион 300 мыңы – 18 жасқа дейінгі бұрымдылар. Ал 18-ден 60 жасқа дейінгілердің саны – 5 миллион 300 мың. 60-тан асқан апа-әжелеріміздің саны – 1 миллион 600 мың.
Қазақстанда әйелдер үшін еңбек нарығында мүмкіндік көп. Президент айтқандай, олар жұмысқа өте тиянақты қарайды. Мәселен, 4 миллион 300 мыңы түрлі салада жұмыс істейді. Тарқатсақ, басым бөлігі, яғни 851 мыңы білім беру саласында еңбек етеді. 828 мыңы саудада, 451 мыңы ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында жұмыс істейді. Ал денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы әйелдер саны – 401 мың. Өнеркәсіп секторында 328 мың, ал өнер саласында 74 мың қыз-келіншек еңбек етеді.