Қазақстан кедендегі электронды кезек жүйесін енгізді
Қазақстан Орталық Азия елдері арасында бірінші болып кедендегі электронды кезек жүйесін енгізді.
Мәселен, қазір Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен алыс-беріс пен барыс-келіс еш кедергісіз жүріп жатыр.
Нақтырақ айтсақ, 10 өткізу бекеті автоматтандырылған жүйеде жұмыс істейді. Көлік жүргізушілері Qoldau.kz платформасы және Сargoruqsat мобильді қосымшасы арқылы кезекке тұрып, басы артық қағазсыз кеденнен өте алады. Жүйені енгізу кедендегі автокөліктердің көптеп жиналмауына мүмкіндік берді және тасымалдау процесінің ашықтығын қамтамасыз етті. Соның негізінде кедендік төлемдер түсімі де молайып келеді.
Елдос Саудабаев, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің Кедендік бақылау департаментінің директоры:
- 2023 жылдың қорытындысы бойынша 4 081 млрд теңге сомасында кедендік төлемдер мен салықтар түсті. 2021 жылмен салыстырғанда түсімдердің өсу қарқыны 78% ұлғайды. 2022 жылмен салыстырғанда 18 пайызды құрады. Кедендік әкімшілендіру шаралары есебінен бюджетке қосымша 149,6 млрд теңге өндірілді.