15 наурыз – Қайырымдылық күні
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 20 мың оқушыға демалыс орындарына жолдама берді. Олар елдегі барлық ауыл мектептерін қамтыған. Бұл мақсатқа қор 2 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсамақ. Жолдаманы алғашқылардың бірі болып елорда іргесіндегі Тайтөбе ауылының мектебі алды. Елде тағы қандай қайырымдылық жасалып жатыр?
Наурызнама 10 күндігі бойынша мейірімділік, қайырымдылық күні. Қор игі істі дәл осы күнге арнайы жоспарлапты. Олар Тайтөбе ауылдық орта мектебінің 8 оқушысына жазғы демалыс орындарына жолдама тарту етті.
Бауыржан Оразғалиев, «Қазақстан халқына» қорының өкілі:
- Балалар екі апта бойы Қазақстанның ең жақсы деген демалыс орындарында демалады. Бағдарлама тек қана сауықтыру, демалыс қана емес, ол жерде спорттық ұйымдар, өнер байқаулары. Тағы бір тәрбиелік мәні бізде Қазақстан үлкен біртұтас ел ғой. Мысалы, кейбір өңірдің балалары басқа өңірде болмаған өмірі.
Дәл осылай еліміздегі 6 мыңға жуық ауыл мектебіне қор атынан осындай сертификаттар тарту етілді. Ұйым өткен жылы да 19 мыңнан астам баланы қуантқан.
Ал Шымкентте 200 отбасыға азық-түлік қоржыны таратылды. Орталық мешітке жиналған қауымға бір апталық азық болатын нан, май, күріш, шәй мен ұн өнімдері үлестірілді. Былтыр жомарт жандардың демеушілігімен 30 мыңнан астам отбасыға осындай көмек көрсетіліпті. Жалпы қоғамда осы секілді игі істер жетіп артылады.
Оларға қарапайым халықтан бастап, қалталы кәсіпкерлерге дейін атсалысып жатыр. Бір ғана бизнес өкілдерінің өзі жыл сайын қайырымдылыққа 100 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсайды екен. Бұл ресми тіркелгендері ғана.
Одан бөлек жария қылмай-ақ жақсылық жасап жүргендер қаншама? Солардың бірі әлеуметтік желіде «Человек в маске» деген лақап атпен танылған азамат. Жас жігіт қайырымдылық қорын ашып, бірнеше жылдан бері мұқтаж жандардың батасын алып келеді.
Қиналғанға қол ұшын созу – қазақтың қанында бар қасиет. Тек оны оята білу қажет. Қайырымдылық мәселесін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та жиі қозғайды.
Айта кетейін, елімізде «Волонтерлік қызмет» туралы Заң да қабылданған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қайырымдылық – адамның бала кезінен бойға сіңетін қасиет. Сондықтан өскелең ұрпақты жастайынан жақсылық жасауға тәрбиелеу – өте маңызды міндет. Осы ретте барлық білім беру мекемелерінде тақырыптық сабақтар мен факультативтік сағаттар енгізуді ұсынамын. Қоғамға қызмет етуді зердесіне түйген ұл-қыздарымыз нағыз азамат болары анық.
Амангелді Толамисов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Қазақта білесіздер, асар деген болған. Яғни қандай бір көмек керек болса, ауыл болып көмектесетін болған. Немесе жылу, жылу жинау деген болған. Яғни қандай да бір адам қиын жағдайға түссе, туыстары болып немесе ауыл болып, қауым болып сол азаматқа көмектескен. Яғни бір-біріне қолдау. Сол кезде де мемлекет болды. Хандық билік болды. Тек қана сол жоғарғы институттың көмегіне қарап отырмай, халық бір-біріне көмектесу дәстүрі бізде қалыптасқан.
Қайырымдылықтың тағы бір пайдасы ол – адамдар арасында мейірімділік орнатып, өзара жақындастырады. Дін өкілдері, тек Наурыз мерекесімен шектелмей, қасиетті Рамазан айында, жалпы жыл он екі ай жақсылық жасауға шақырады.
Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти:
- Осы айда жағдайы бар кісілер, бар адамдар қолынан келгенше мұқтаждарға көмектессе. Қазір енді кредиті бар адамдар көп. Сол кредиттерін жауып беруге, қарыздарын өтеп беруге, кімнің қандай іс қолынан келеді, сондай көмектерін жасаса, ораза кезде өте үлкен бір сауап болар еді.
Қазақ халқы талай нәубетті де осы қайырымдылықтың арқасында еңсерген. Соңғы жылдары елімізде болып жатқан түрлі апаттарда да қазақстандықтар жұдырықтай жұмылып, қиындыққа тап болғандардың жанынан табылды, жылу сыйлай білді.
Дамир Берікұлы, Самат Оспанов, Дәурен Жұрқабаев