Денсаулық сақтау саласын депутаттар сынға алды
Бүгін Мәжіліс депутаттары министрді ортаға алып, ведомствоны сынға алды. Ең өзекті деген мәселелердің бірі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі. Президенттің пәрменінен кейін не өзгереді? Салада тағы қандай былықтар бар?
Денсаулық сақтау – елдегі қаржы ең көп бөлінетін салалардың бірі. Жылдық бюджеті 2,5 трлн теңгеден асады. Бірақ ол бей-берекет жұмсалып жатыр. Бүгін жаңа министр депутаттардың алдында салаға жүргізілген кешенді тексерістің алғашқы нәтижелерін жайып салды. 24 нысанға жасалған мониторинг қорытындысы жаға ұстатады. Дәрігерлер негізсіз сыйақы алған, жалақысын қолдан көтерген.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
-Алматы қаласының №1 көпбейінді клиникалық ауруханасының бөлімше меңгерушісінің жалақысы 357 мың теңге болғанда, 11 ай үшін 15 млн теңге төленді. Сондай-ақ аға-мейірбике жалақысы 185 мың теңге кезінде 7 млн теңгеден астам төленді. Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының кредиторлық берешегі бола тұра 391 млн теңгеге сыйақы төленді.
Бұл былықтардың бір парасы ғана. Одан бөлек қаржыны жымқыру дерегі де жетерлік. Мәселен, Жамбыл облыстық ауруханасында 758 млн теңге қолды болса, Алматы емханаларының бірінде бас есепші өз шотына 341 млн теңге аударған. Осылайша құқыққорғау органдарына бас-аяғы 16 іс жіберіліпті. Министр тексеріс әлі де жалғасатынын айтады. Ал халықты мазалап келетін МӘМС жүйесі не болады?
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Ақмарал Шәріпбайқызы бізге осы комитетке келгенде өзінің ең басты алдында тұрған мақсаты ретінде осы азаматтардың қалтасынан денсаулық сақтау саласына төленетін қаражатын азайтамын деді. Бұл үлкен проблема. Бір жағынан азаматтар ай сайын өз қалтасынан жарнасын төлейді. Екінші жағынан ақылы алатын қызметтерге төлейтін ақша, азаймақ түгілі біршама көтерілді.
Одан қалды қор, былтыр емдеу мекемелеріне 275 млрд теңгесін кем аударған. Ал министр: «Енді жалақысы жоғары азаматтар жарнаны да көбірек төлесе»,— дейді. Ақмарал Әлназарова осындай ұсыныс айтты. Тағы бір проблема: 3,5 млн адам МӘМС жүйесіне тіркелмеген. Ведомство басшысы олардың 1 млн-нан астамына қазір мемлекет төлеп отырғанын жеткізді. Тағы 200 мыңға жуығы жергілікті бюджеттер есебінен қамтылуы мүмкін. Ал қалғаны қалайда жүйеге қосылуы тиіс.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
-Медициналық қызметтердің сапасына көңіл бөлетін болсақ, осы 1-2 айдың ішінде тарифтерді көтеру мәселесін қолға алып жатырмыз. Қазір есебін шығарып жатырмыз. Халық негізі медициналық қызметтің сапасы үшін МӘМС жүйесіне келсе деген өзіміздің ойымыз сондай.
Ал жаңа министр: «Сол сапаны қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің барлығын жасаймын»,— дейді. Оны енді уақыт көрсетер. Цифрландыру бағытында да мәселе көп. Салаға тиесілі 35 ақпараттық жүйе бар. Бірақ олардың барлығы дұрыс жұмыс істемейді. Керісінше, дәрігерлерді шатастырып, емдеу ісін қиындатады. Ақмарал Әлназарова бұған байланысты жауапты орынбасарының жұмыстан қуылғанын және ақпараттық жүйелер биылғы жылдың соңына дейін ретке келтірілетінін айтты.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Айбын Құсанбеков