Арқалықтың маңындағы ауылдар жем-шөптен тарығып отыр
Арқалық қаласының маңындағы ауылдар, қазір жем-шөптен тарығып отыр. Жағалай су жайлағандықтан, малдарын далаға шығаруға қорқады. Қолда ұстауға азық тапшы. Осындай қиын кезде көрші аудан халқы Арқалыққа 75 тонна шөп жеткізді. Қазір ол халыққа үлестіріліп жатыр.
Қапшықпен беріп жатырмын, экономдап жатырмын енді.
Родина кентінің тұрғыны Әлима Қожақардың 12 ірі қара малы бар. Қолда бар жем-шөбін қанша үнемдесе де түбі көрініп қалды. Там-тұмдап берген шөбін ашыққан мал таласа тармаса жейді. Бүгін Науырзым ауданынан жеткізілген шөптің бір-екі орамасы Әлимаға бұйырды.
Әлима Қожақар, Родина кентінің тұрғыны:
-Қырық үш рулон шөп алдым. Сосын жем, отруби дайындап жатырмыз ғой. Бітіп қалды. Қазір шөп сататындар да жоқ. Бара алмай жатыр ғой, жол жоқ. Көмектесіп жатыр. Екі рулон шөп алып келді, екі қапшық жем алып келді. Қазір экономит етем, енді бес-алты күнге тартам сол шөпті.
Арқалыққа іргелес аудандардың барлығы жем-шөбімен бөлісіп, көмектесіп жатыр. «Осы күнге дейін келіп түскен азық мал аузы көкке ілінгенше жетеді»,— дейді жергілікті мамандар.
Руслан Құлетов, Арқалық қаласының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
-Атап айтатын болсақ, 75 тонна шөп, одан қалды 204 тонна жем алынып келінді. Арқалық қаласының маңында орналасқан кенттерге үлестіріліп берілуде. Жалпы біз қазіргі таңда 124 тонна жем, 47 тонна шөп үлестіріліп берілді. Енді қалған жем-шөбімізді біз зардап шеккен Қайыңды, Екідін, Әбдіғапар хан, Жалғызтал ауылдарына жібереміз деген жоспарымыз бар.
Сәуір айындағы санақ бойынша, Арқалық қаласына қарасты шаруашылықтар мен жекенің иелігінде 18 мыңға жуық ірі қара, он мыңнан астам жылқы бар. Табиғи апат салдарынан ірілі-ұсақты мыңға жуық мал шығын болды. Қырылған төрт түлік есебі әлі жүргізіліп жатыр.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг