230 шақырым бөгет тұрғызылды
Батыс Қазақстан облысында жағдай тұрақтала бастады. Жайық өзеніндегі су деңгейі апатты межеден төмен түсті. Бірақ мол су Атырауға қарай жіберіліп жатыр. Сондықтан өзен жағасын бекіту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазірдің өзінде 230 шақырым бөгет тұрғызылды.
Қазір Атырау қаласында тасқынға қарсы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. 10 мыңға тарта ерікті мен 800-ден аса арнайы техника жұмылдырылған. Облыс орталығында Жайық өзенінің деңгейі 3 сантиметрге көтеріліп, бүгін 425-ке жетті. Жаға бекіту жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
Шәкір Кейкін, қала әкімі:
-Қаладағы барлық мекемелер жұмылдырылып, бүгінгі таңда дамбы көтеру жұмыстары аяқталуға жақын. Осы жұмыстарға қаланың ірілі-ұсақты 78 кәсіпорыны қатысып, қаламыздың барлық еріктілері үлкен жұмыстар атқарды. 10 мыңға жақын еріктілер қаладағы бой көтерген дамбыларға қапшық қаптау жұмыстарына үлкен үлестерін қосты.
Жылыой ауданында да жағдай тұрақталды. Жем өзенінің деңгейі 175 сантиметрге дейін түсті. Құлсары қаласын қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Маңғыстау облысынан келген 160 әскери қала ішін тазартып жатыр.
Әбдірахман Сәукенов, Маңғыстау аумақтық қорғаныс бригадасының командирі:
-Бөгеттерде қалған қалдықтарды бәрін қала сыртына, яғни полигонға шығару іс-шаралары жүргізілуде. Маңғыстау облысынан төтенше жағдай бойынша 400 адамдай келдік. Қазіргі таңда екінші кезең бойынша 160 адам жүріп жатыр. Офицерлер бар, сержанттар бар, қатардағы жауынгерлер бар.
Қазір облысқа жан-жақтан көмек келіп жатыр. Батыс Қазақстанда Жайық өзенінің деңгейі қауіпті межеден түсіп, ондағы 281 әскери қызметкер бүгін Атырауға келді.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин