Хабар телеарнасы

«Наурыз» тұрғын үй бағдарламасы: 17 мыңнан астам өтінім берілді

Жуырда ғана басталған «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасы бойынша 17 432 өтінім түскен. «Оның 8 мың 945-і қабылданған. 50%-ке жуығы - тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарынан», - дейді «Отбасы банк» басқарма төрағасы Ляззат Ибрагимова.

Жаңа бағдарлама бойынша өтініш берушілердің 62%-і - 35-ке толмағандар. Ал ең жасы - 18-дегі Түркістан облысының тұрғыны.

Бағдарлама бойынша алғашқы жарна - 20%, жыл сайынғы несие мөлшерлемесі - 9% болса, ал тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал санаттағылар үшін - 7%. Несиелендіру мерзімі - 19 жыл. Және депозитте кемінде - 1 млн теңге болуы керек.

Ипотекалық бағдарлама бойынша сатып алушы үйлерді «Баспана маркет» платформасы арқылы таңдайды.

Жансұлтан Матай, «Отбасы банк» АҚ басқарушы директоры - орталық филиал директоры:
- Тізіміге еніп, төлем қабілеттерін растаған  кісілер  алғашқы нарықтан тұрғын үй, оның ішінде Қазақстанның тұрғын үй компанияларымен кепілдендірілген үлестік қатысу шарттары бар және сақтандыру құралдары бойынша үйлерді ала алады. Моноқалалар, ауылдық елді мекендер, екінші нарықтағы тұрғын үй алуға мүмкіндіктері бар. Бірақ бұл жерде жылына бөлінген қаражаттың 30% аспайтын көлемде ғана. Заемның ең жоғарғы мөлшерлемесі Алматы , Астана қалалары үшін 36 млн теңге, қалған өңірлер үшін 30 млн теңгеге дейін.

 «Отау» тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтініш берген 8 мың қазақстандыққа сүйінші хабарлама келді. Ал өте алмағандар «Наурыз» бағдарламасына қатыса алады. Өтінім беру маусым айының соңына дейін жалғасады.