Хабар телеарнасы

Арқалықта баспанасыз қалған отбасыларға 65 пәтер сатып алынды. Өңір жаңалықтары

Арқалық қаласының аумағындағы су басқан ауылдарда 87 үй тұруға жарамсыз деп танылды. Баспанасыз қалған отбасыларға Арқалықтан 65 пәтер сатып алынды. Одан бөлек елу пәтерлі көпқабатты үйдің құрылысы басталды. Он жеті отбасы осында қоныстанады. Арқалықта дүние-мүлік шығыны да өтеліп жатыр. Осы күнге дейін 42 отбасының зақымданған тұрмыстық техникалары мен жиһаздары үшін тиісті төлем жасалған. Жуырда қыстақтарда үйлердің құрылысы басталмақ. 

Абзал Тәшімов, Арқалық қаласы әкімінің міндетін атқарушы:
-Бес қыстақта құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады. Ол бес қыстақтың мердігері анықталды. Қазіргі таңда салынатын орындары белгіленді. Жақын арада құрылыс жұмыстарын бастайтын болады және қосымша су тасқынынан зардап шеккен малдар бойынша төлемдер төленіп жатыр.

Петропавлда да тасқыннан бүлінген үйлерді бағалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мамандар 1500-ға жуық баспананы тексерген. 800-ге жуық меншік иесіне техникалық акт берілді. Тексеру барысын жеделдету үшін облыс орталығына Павлодар, Астана, Қарағанды, Қызылорда қалаларынан сала мамандары арнайы барған.

Құлсарыда су тасқынынан бүлінген 200-ден аса үйдің бағалау қорытындысы шықты.

Әзірге 14 отбасы баспанасының нарыққа сәйкес бекітілген бағасына келіскен. Қазір олар тиісті өтемақыны күтіп отыр. Ал комиссия қорытындысымен келіспегендердің үйлеріне қайта бағалау жүргізіледі. Есептеу жұмыстарын 30 мамырға дейін аяқтау жоспарланған. Тасқыннан қираған үйлердің әр шаршы метріне 200 мың мен 240 мың теңге аралығында төленеді.