Хабар телеарнасы

Ғалымдар: Тегін тамақтану стандартын қайта қарау керек

Мектеп пен балабақшадағы балалардың тегін тамақтану стандартын қайта қарау керек. «Себебі беріліп жүрген ыстық тамақтың дені қоқысқа төгіліп жатыр»,- дейді тағамтану саласының ғалымдары.

Өткен жылдың 1 қыркүйегінен бастап 1,5 млн астам оқушы тегін тамақтанды. Бір реттік ыстық тамақ үшін әр балаға орта есеппен 580 тг бөлінген. Қаржы жергілікті бюджеттен қарастырылған. Бұл жоба қоғам тарапынан жақсы қолдау тапты. Бірақ ас мәзіріне байланысты мәселе көп.

Депутаттардың пікірінше, ендігі ретте бөлінген сомаға байланбай, баланың қаншалықты сапалы әрі пайдалы тамақ жеп жүргеніне мән беруіміз керек. Мәзір балалардың жасына және ұлттық ерекшелікке сай жасалу керек. Қажет болса, мердігер компанияларға бақылауды күшейту де қажет.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Тегін тамақтануды мемлекеттік тапсырысқа еңгізіп қойдық. Бұл жерде ең кім төменгі бағаны ұсынады, сол өтеді. Ал шын мәнінде ол бағаны ұсынып алғаннан кейін, бағаның демпингінен өткеннен кейін, кейін өзіңіз көріп отырғандай, инфляция бар, баға өсімі бар. Оның ішінде азық-түлікке баға өсімі бар. Бұл жалпы тамақтанудың сапасына әсер етеді. Сондықтан алдағы уақытта мектептің аспазшысын, асхана қызметкерлерін, диетсестра секілді қызметкерлерді штатқа алу қажет секілді.