Хабар телеарнасы

Қазақстанда кассациялық сот құрылады

Еліміздің сот жүйесі мен әділ сот төрелігі үшін ақжолтай жаңалық. Кассациялық сот құрылатын болды. Парламент палаталарының біріккен отырысында «Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Құжат сот жүйесіндегі кадрлық мәселелер, судьялардың кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігі және тәуелсіздігін арттыруға бағытталған. Сот жюриінің құзыры күшейтіліп, судья заң бұзушылыққа жол берген жағдайда олардың ісін қарайтын болады. Енді қылмыстық, әкімшілік және азаматтық істер бойынша кассациялық сот құрылады. Себебі бұған дейін бірінші саты және аппеляциядан соң кассациялық сот алқасында қаралуға көп жағдайда негіз бола бермейтін.

Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Бір ғана судья отырады, тараптарды шақырмайды. Сосын жарты бет қаулы шығарады да, кассациялық алқаға беруге негіз жоқ деп қайтарып тастайды. Енді өзара тілде предбанник дейтінбіз. Осы предбанникті алып тастап жатырмыз. Бұл өте жақсы жағымды жаңалық болғалы тұр. Кассациялық сот құрылады. Тараптар келіп, өздерінің негіздерін айта алады. Облыстардағы соттардың шығарған шешімдерінің заңдылығын жоғарғы деңгейде қайтада қарастыруға мүмкіндік болады. Ең басты жаңалық осы.

Жоғарғы сот кеңесінен ұсыныс. Кадр тапшылығы мәселесін сот төрелігі академиясының түлектерін мамандар жетіспейтін аудандарға тікелей тағайындау. Айта кетсек, елімізде 350-ден астам судья жетіспейді. Мәселен, Шығыстағы Тарбағатай ауданында 3 жылдан бері судья жоқ. Шалғай аудандарға баруға кадрлардың дені құлықсыз. Айта кету керек, конституциялық заң жобасының бірінші оқылымы болды. Келесі оқылымға дейін онымен жұмыс істеу үшін Мәжіліс пен Парламент депутаттарының қатысуымен арнайы комиссия құрылды.