Елде жем-шөп тапшы болмай ма?
Биыл елде жем-шөп тапшылығын болдырмау үшін егіс алқабының көлемі 3 миллион 400 мыңға дейін ұлғайтылды. 2028 жылға дейін көлемін біртіндеп кеңейтіп, 3 миллион 600 мыңға жеткізу жоспарда. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында айтылды. Жауапты министрлік, мал азығына жұмсалатын қаражатты субсидиялауға 21 миллиард теңге, ал қажетті техника мен құрал-жабдықтар сатып алуға 20 миллиард теңге бөлген. Одан бөлек 58 мың тонна дизель отыны жеңілдетілген бағамен беріледі. Басқарма басшысы әкімдерге жем-шөп дайындау жұмысын жіті бақылауды тапсырды.
Ермек Кенжеханұлы, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
-Елімізде жем-шөпті қысқа дайындау өзекті мәселе. Сондықтан биыл министрлік әкімдіктермен бірлесе отырып, егістік алқаптарын, атап айтқанда, мал азықтық дақылдарды ұлғайтты. Мемлекет басшысы өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін 70% жеткізу міндетін қойды. Сондықтан тиісті инвесторларды тарту шараларын қолға алып жатырмыз.