Хабар телеарнасы

Зиянды жұмыстағылардың құқығы қорғалады

Елімізде биылдан бері зиянды жұмыс орнында ұзақ уақыт бойы еңбек ететін 9 145 адамға 1,6 млрд теңгеден астам қаражат берілген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов мәлімдеді.

Тағы бір айта кетері, бұған дейін министрлікке өткен еңбек инспекторлары қыркүйектен бастап штаттық режимде жұмыс істемек. Нәтижесінде тиісті заңның сақталуын бақылаудың сатылы жүйесі енгізіледі. Заң бұзатын жұмыс берушілерді автоматтандырылған ақпараттық жүйелер арқылы да анықтау мүмкін болмақ.

Сондай-ақ жыл басынан 259 кәсіпорынның еңбеккерлер алдында жалақы бойынша 3,3 млрд теңге берешегі бары анықталып, оның 2 млрд-тан астамы қайтарылыпты. Атап айтса, 13 мыңнан астам жұмысшының құқы қорғалды.

Ақмәди Сарбасов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі:

- Еңбек инспекторларында үш түрлі функция бар ғой. Бірінші мен айтып отырғандай, жұмыскерлерді жұмысқа алу нормалар. Соның ішінде жалақыны төлемеу, сондай факторлар бар. Сосын еңбек шартына қол қоймау, жұмыспен қамту жағын айтсақ, жұмыскерлердің көбісі вакансия туралы ақпарат бермейді. Осындай фактілер бар.