Қазақстанда жаңа квазимемлекеттік компанияларды құруға тыйым салынды
Қазақстанда жаңа квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға тыйым салынды. Мораторий 2027 жылға дейін күшінде болады. Шектеуді енгізудегі мақсат – бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметке жол бермеу. Дегенмен бірнеше жағдайда ондай компанияларды құруға мүмкіндік бар. Егер «Заңсыз иемденген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңды орындау қажет болса және Президент тапсырмасы бойынша ерекше жағдайларда рұқсат беріледі. Мораторий енгізуді бекітетін құжат күшіне енді және орындау міндет. Айта кетейік, бұған дейін Сенат отырысында жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов квазимемлекеттік сектор субъектілері 2023 жылы республикалық бюджеттен 1,2 трлн теңгеге жуық қаржы алып, 383 миллиард теңгені игермеді деп айтқан еді.