Қарағандыдағы Күнгей шағынауданында алғашқы мектеп ашылды
30 жыл бойы білім ошағы болмаған жеке үйлер аумағының балалары шалғай орналасқан мектептерге барып жүрген еді. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арналған Жолдауында мектептер салу, білім беру саласын жақсартуға қатысты нақты тапсырмалар берді. Жаңадан ашылған оқу ордасы – осы жұмыстарды жүзеге асырудың алғашқы қадамы.
Күнгейде жылдар бойы мектеп мәселесі шешілмей келді. Маңайдағы ең жақын мектеп бірнеше шақырым жерде болғандықтан, автобуспен қатынауы қажет. Күз бен көктемде балалар балшыққа батып келсе, қыс айларында ерте қас қараятындықтан қауіпсіздік тұрғысынан тіпті қиын.
Қырмызы Қасымова, қала тұрғыны:
- Өте қуаныштымыз, Күнгейдің тұрғындары да қуанышты. Тағы мектеп, балалбақшалар ашылса деп ойлаймын. Өйткені кішкентай балалар бар үйде. Олар алыс жерге барады балабақшаға.
Мектеп құрылысы облыстық бюджет есебінен 2023 жылы наурыз айында басталды. Су жаңа білім ордасының сыныптары заманауи үлгіде жабдықталған. Мұнда робототехника, арнайы студия, зертханалар жұмыс істеп тұр.
Бақыт Қалмағанбетова, №26 жалпы білім беру мектебінің директоры:
- Халық көптен күткен мектеп бізде. 30 жыл болды осы Күнгей ықшамауданына. Бірақ мектеп биыл ғана ашылды. 600 оқушы болу керек бізде. Биыл бірақ бізге балаларымыз көп келді. Қазір 700 оқушыдай қамтып алдық.
Жалпы Қарағанды облысында 420 мектеп бар. Оларда 172 мыңнан астам оқушы білім алады.
Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар»