Хабар телеарнасы

«Көшпенділер әлемі» этноауылында «Құсбегілік» жарысы басталды

«Көшпенділер әлемі» этноауылында «Құсбегілік» бойынша жарыс басталды. 10 мемлекеттен жиыны 40-тан аса құсбегі бағын сынап жатыр. Бұл бәсекеде 9 ұланымыз ел намысын қорғап жатқанын айта кетейін. Отандастарымыз бүркіт салып аң аулау, сұңқар салу сайыстарына қатысып жатыр. Құсбегілер көршілес мемлекеттермен қатар сонау Канададан да келген.

Сарыарқаның сары даласы. Арқаның төсі, Астананың іргесі. 100-ген жанкүйер, 10 мемлекет. Қазір құсбегілердің жарысы қыза түсті. Бұл шараның спорттық мағынасы өз алдына, тағлымдық мазмұны тіптен терең. Себебі 100-ген шетелден келген қонаққа мына саятшылардың сайысы қазақтың көк байрағында қыран құстың не үшін бейнеленгендігін шындап сездіртіп тұр.

Құсбегілік көшпелі халықтардың дәстүрі, мәдениетімен астасып жатқандықтан мұндағы бірінші талап – саятшылардың киімі сай болуы керек. Киім құсбегілік талаптарына сай келмесе, ұпай шегеріледі. Таныстыру аяқталды. Бүркітшілер дайындалуға кетті. Ал бұл уақытта жанкүйерлер жарыстың көрігін қыздырып жатты. Жанкүйерлер қолдауы жақсы. Бірақ жарыс алдында құс пен иесі ғана қалады. Қырғыз саятшысы қыранына сәттілік тілеуде.

Ерзат Байқадамов, бүркітші:

- Бабы келіп тұр, жаңа өзім жылдамдығын көрдім. Кеше жарыста, дайындықта 23, солай келген. Қазір 18 бен 19-дың ортасында келді. Жылдамдығы кешегіден қатты боп тұр.

Саятшылар сақадай сай болғанымен жарыстың тәртібі қатаң. Мәселен, сайыстың екінші кезеңі құсты қолға қондыру. Құс иесі 500 метр қашықтыққа барып тұрады, бергі жақтан бүркіт ұшырылады. Жыртқыш ұшып барып, 1 минут ішінде иесінің қолына қонбаса, келесі кезеңге өте алмайды.

Левани Доборжгинидзе, бүркітші:

- Бізде 17-ғасырға дейін Патшаның саятшылығы ретінде сұңқар салу дәстүрі мықты болған. Қазір қайта жанданып жатыр. Бүгін бүркітім нормативті орындамай жарыстан шығып қалдым, бірақ өкінбеймін. Керемет тәжірибе алдым. Қазақ даласында патшалар ғана емес, әрбір адам ит салып, құс салып саятшылық құрғандықтан бұл дәстүр сіздерде сақталған. Сондықтан да Қазақстан, Қырғызстан және Моңғолия бүркітшілері жеңіске таласады деп ойлаймын.

Моңғолиялық саятшының қыраны әуелде бағытынан жаңылып, әйтеуір иесі тапты. Құсбегінің айтуынша, оған жағрапиялық ерекшелік себеп.

Жеңісбек Серікұлы, бүркітші /Моңғолия/:

- Біздің құстар биік шыңдардан ұшатын құстар. Сондықтан бұндай жерге біз машықтанбағанбыз. Жазықтау жер болғандықтан, тау жоқ, жазықтау жер болғандықтан кішкене құсымыздың ұшуы баяу болды. Бірақ сайыс өте керемет жүріп жатыр. Ертең енді Құдай қосса, финалда көреміз.

Моңғолия даласында туып өскен әйгілі бүркітші қарындасымыз Айшолпан Нұрғайыпқызы барлық бүркітшіге сәттілік тілейді. Бірақ Алтайдың арғы жағынан келген саятшылармен санаспауға болмайды дейді.

Айшолпан Нұрғайыпқызы, бүркітші:  

- Моңғолияда бүркітшілер қазақтың салт-дәстүрін әлі күнге дейін жақсы сақтап қалған. Әлі күнге дейін көшпенді. Көшеді.

Натали Рукс, жанкүйер  /АҚШ/:

- Мұндағы көріністер керемет. Маған көшпенділер мәдениеті өте ұнап жатыр. Қыран құстарды Америка даласынан көргенмін. Ал олардың сайысы барын білмеппін. Бұл ғажап. Мен барлығына және Канадалық бүркітшіге жанкүйермін.

Ал 20 жастағы Аяжан Алматыдан келген. Әріптестерін қолдамаққа. Себебі өзі де саятшы екен. 3 бүркітінің біреуін ала келіпті. Оның да делебесі қозып тұрғандай.

Аяжан Даниярқызы, бүркітші: 

-Қазір жанкүйер ретінде келіп отырмын. Кішкене көріп тұрғаныңыздай, мазасызданып тұр. Өйткені аңның сезоны басталып жатыр. Кішкене аң іздеп тұр.

Ұйымдастырушылардың айтуларынша, құсбегілер сайысы барынша әділ өтіп жатыр. Себебі алғаш өткізіліп жатқандықтан алдыңғы шепте абыройдың мәселесі тұр.

Берік Уәли, «Құсбегілік» федерациясының басшысы:

- Қазақстаннан бөлек, Қырғызстанның төрешілері, Моңғолияның төрешілері және Ресейдің төрешілері бар. Барлық төрешіні жинап, жарыстың әділ өтуін, халықаралық, дүниежүзілік жарыс болғаннан кейін жарыстың әділ өтуін сұраған болатынбыз. Қазіргі таңда ешқандай қатысушылар тарапынан шағымдар орын алған жоқ.

Құсбегілер сайысы ертең қайта жалғасады. Шешуші кезеңде қыран құстар аңға салынады. Біздің жігіттердің тәжірибесі мол, бабы да келісіп тұр екен.

Ерзат Байқадамов, бүркітші:

-Осы құсымды қолға қондырып, жарысқа түсіп жүргеніме 5 жыл болды. Атырауды ұтқанмын, Алматыда екінші болдым. Ылғи 2 мен 3-тің ортасында жүрген құс қой. Халқымыз бата беріп, тілек айтқаннан кейін Алла қабыл етсе, көк туды желбіретеміз бе деген ойдамыз.

Ұйымдастырушылар болса қатысушыларға сый-сыяпат пен ынталандыру жағын да қарастырып қойған екен. 

Берік Уәли, «Құсбегілік» федерациясының басшысы:

-Жақсы сюрприздеріміз де бар. Оны ертең айтамыз.

Авторлары: Берік Дүйсенбай, Самат Оспанов, Хабар.