Хабар телеарнасы

Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы

Осы күні жантүршігерлік қылмыстар мен отбасылық ойрандарға етіміз әбден үйреніп бара жатқандай. Күні кеше 25 жастағы жігіттің әуелі ата-анасын өлтіріп, кейін өзіне қол салғанын қалай түсіндіруге болады?! Ата жолы, ұлттық тәрбие, дәстүр сабақтастығы неге жоғалып барады? Үлкенге қол жұмсамақ түгілі алдын кесіп өтуге жасқанатын ұрпақ қайда кетті? Бұл 90 жылдары дүние табамыз деген алдыңғы толқынның кемшілігі ме әлде қоғамдағы қатігездікті үдетіп жатқан басқа себептер ме?

Қазыналы қарт балаларының шаңырағынан орын таппай, қарттар үйін паналауға мәжбүр. Аманжол атаның өзінен туған үш қызы, сәби кезінен асырап алған ұлы бар еді. Еді дейтініміз, келіні қарияны үйге сыйдырмай, жарына «таңдау жаса», - деп талап қойыпты.

Аманжол Нұрахметов, қала тұрғыны:

- «Есік әне, кетіңдер», - деді. Кемпір осы сөзді ауыр қабылдап, кетіңдер десең кетейін деп. Келін ертеңіне балаларды салып алып, төркініне кетті. Балаға айтты, мына әке-шешеңнен құтылмай, мен енді келмеймін. Мен балаға айттым. Әй, маған такси шақырып, мінгізіп жібер Қарағандыға. Мен кетейін, сен отбасыңнан айрылма. Бала-шағаңнан. Семьяңды алып кел дедім. Келіннің тәрбиесі жаман ғой. Әйтпесе менің зияным тиіп тұрған жоқ оларға.

Етегі жасқа толған кейуана қызының қолына барған. Ал Аманжол Нұрахметов киім-кешегін арқалап, бастапқыда пәтер жалдап тұрса, кейін елордадағы қарттар үйіне бас сұғыпты. Мұнда Аманжол аға сынды 300-ден астам адам тұрады. Әрқайсының тағдыры әрқилы. Мұның себебі неде? - деп қала тұрғындарынан сұрап көрдік.

- Қазір көбісі ата-аналар балаларымен де жұмыс жасамайды. Барлығы тәрбиеден басталады. Кішкентай кезден. Ұл балаға немесе қыз балаға ата-анасын сыйлау деген сияқты тәрбие беру керек. Сол кезде ата-анасына деген мейірімі ашылады.

- Біз жақта Оңтүстікте ондай нәрсе қалыптасқан. Біз үлкендерді қоғамдық орында болсын, танып, танымай тұрсақ та сыйлай білеміз. Солтүстік жақта бәрібір айырмашылық бар.

- Қазір баланың ең басты кемшілігі неде? Балалар туылғаннан бері телефонда. Ата-анасы шаршап келеді. Уақыт бөлгілері келмейді. Сол себепті тәрбие берілмейтін шығар. Балабақшадан бастау керек. Мұғалімдер дұрыстап тәрбиелеу керек.

Иә, «Тәрбие – тал бесіктен», - деп бекер айтылмаса керек-ті. Ұлттың ертеңі деп жанын салып жүрген Тұрар Шәкен осы тәрбие ақсағалы, қарттар үйінің саны көбейіп барады,- деп налиды.

Тұрар Шәкен, «Қара шаңырақ» РҚБ директоры:

- Менің қорқатыным, бізден кейінгі буын, жалпы құндылық, салт-дәстүр, ұлттық дүние танымынан алшақтап кетті. «Өнегелі ата-ана» жобасы аясында ата-аналармен кездесіп. Мектепте «Ұлағатты ұрпақ» деген жобада бірнеше жыл жүрмін. 25 балаға сұрақ қойып жатқанда 25 баланың барлығы шетелге барып оқимыз. Сол жақта қаламыз деген маған жауап айтқан. Әрбір шараға барғанда мен ойланамын. Алдымда отырған адамдардың ең болмағанда 10%-інің жүрегіне ізгілік сіңірсем екен деп.

Қазақ бұрын бауыры үшін барын беретін. Қазір жылжымайтын мүлік үшін жаға жыртысып, тату тұрған ағайынның берекесі кетіп барады. Ұлттық құндылық осылайша тасадан сығалап тұрса, ұлт ретінде сақталып, заманмен бірге жасауымыз қиындай түспей ме деген ой келеді. Бәлкім бәрі өзгерер. Ол енді уақыттың еншісінде.