Хабар телеарнасы

Қарқаралы ауданындағы дала өрті сөндірілді

Қарқаралы ауданындағы дала өрті сөндірілді. Тікұшақпен қайта барлау жүргізу кезінде жаңа өрт ошақтары тіркелмеген. Жанып кеткен жердің жалпы аумағы анықталып жатыр. Тілсіз жаумен күресте бір өрт сөндіруші қаза тапты. Тағы күйік шалған 5 адам ауруханада жатыр.

Алапат өрт 7 қазан күні Теректі ауылына қауіп төндірді. Елді мекенге бір шақырымдай ғана қалған. Міне мына төбенің арғы жағынан үйлердің шатыры көрініп тұр. Абырой болғанда төтенше жағдай қызметкерлері мен тұрғындар бірлесе әрекет етіп, өртті сөндіріп үлгерген.

Алдыңғы шепте болған төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тілсіз жаумен жанқиярлықпен күресті. Өкінішке қарай өрт сөндіруші Хайрат Хали қапыда қаза тапты. Мәди оны бұрыннан біледі. «Жұмысына жауапты, ақжарқын азамат еді»,– дейді.

Мәди Інкебаев, өртсөндіруші:

-Ол өте ер мінезді жігіт болатын. Оны мақтан тұтып, мәңгі есімізде сақтаймыз.

Дала өртін сөндіру кезінде бес адамды күйік шалды. Төртеуінің жағдайы тұрақты, бір науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Қызыл жалын 7 ауылға, 11 шаруашылыққа қауіп төндірген. Онда 1,5 мыңға жуық халық тұрады. Төрт түлік саны 30 мыңнан асады. Тұрғындар жайылымдағы малын қауіпсіз жерге көшірген соң, тілсіз жаумен алысқан. Олар үш күн бойы өртсөндірушілерге көмектесті.

Нұргелді Ахметжанов, Теректі ауылының тұрғыны:

-Біз енді ауыл халқы болған соң қай жерде не барын білеміз. Біреудің маясы болуы мүмкін, шөп, жері, кімнің малы барын. Сол жақтарды қорғауға тырыстық

Таулы өлке өрт сөндіру жұмыстарына үлкен кедергі келтірген. Көлікпен өте алмаған жерлерге жаяу баруға тура келіпті. Өртсөндіруші Қуаныш Жүкенов мұндай алапат өртті бұрын көрмегенін айтты.

Қуаныш Жүкенов, өртсөндіруші:
-Қиыншылығы сол жел күшті. 15 метр секундқа дейін. Жан-жақтан өршиді. Біреуін сөндірсең, екінші жағынан шығады.

Тілсіз жаумен күреске барлығы 600-ге жуық адам мен 100-ден астам техника жұмылдырылды. Бірнеше тікұшақтың көмегімен су тасымалданып, өрт сөндірілді. Дегенмен төтенше жағдай қызметкерлері сол аумақтарда әлі кезекшілік атқарып жатыр. Тікұшақтар көтеріліп тағы бір мәрте барлау жүргізді. Жаңа өрт ошақтары жоқ. Мал шығыны тіркелмеген. Таяу арада жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланады. Егер тұрғындарға келген шығын болса, комиссияның шешімімен өтеледі.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар