Елде 42 жаңа су қоймасы салынады
2028 жылға дейін 42 жаңа су қоймасы салынып, 37 гидротехникалық құрылыс қалпына келтіріледі. Ұзындығы 14 мың шақырым болатын суару арнасы жаңғыртылады. Бұл туралы су кеңесінің отырысында айтылды.
Жауаптылар келтірген дерекке сүйенсек, қолда бар 1 мың 400-ден астам техниканың басым бөлігін жаңарту қажет. Ол үшін Үкімет 52 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлген. Ал келер жылдан бастап алты облыста 3 жарым мың шақырым ирригация арналары жаңғыртылады. Мемлекет басшысы су ресурстарын ұтымды пайдалану және ауызсуды үнемдеуді міндеттеген. Бұл бағытта шаруалар суды үнемдеу технологиясына көшуі үшін субсидиялау ережесіне өзгеріс енгізілді.
Тағы бір жаңалық – биыл су мамандығы бойынша білім алушылар саны 2 есе көбейді. Енді су шаруашылығы саласындағы мамандардың да «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқуға мүмкіндігі бар.