Энергия үнемдеу технологияларын жаппай енгізу қажет – депутат
Өндірістен тұтынушыға дейін ақылды есептегі құрал енгізілсін. Мәжілісмендер бақылауды күшейту керек, - деп дабыл қағуда. Депутат Бауыржан Смағұлов 2030 жылға қарай қуат көздерін тұтыну 17 пайызға артқан кезде бармақ шайнап қалмас үшін үнемдеу технологияларын жаппай енгізу қажеттігін мәлімдеді. Елімізде энергияны үнемдеу қадамдары бар, бірақ жеткіліксіз.
Берік Дүйсенбай, тілші:
- Бір қызықты айтайын, елімізде өндірілетін жылу және электр энергиясының басым бөлігін өндіріс ошақтары емес, тұрғын үйлер тұтынады. Елдегі 20 млн халықтың жартысынан көбінің ғана қалада тұратынын ескерсек, бұл үлкен шығын. Демек үнемділік мәдениеті қажет. Бұл елордамыздағы 59-лицей. Астанадағы 100 мектептің ішінде ең энерготиімді білім мекемесі ретінде танылған ұжым. Бұл жерде қуат көздерін өздері ғана үнемдеп қоймайды, үнемдеу мәдениетіне балаларды да баулиды. Үйлеріне барғанда айтып отырсын.
Гүлжазира Сұлтанова, Астана қалалық №59 мектеп лицейінің директоры:
– Энергоаудит жасау. Яғни біз тексеріс жүргіземіз барлық жерде. Барлық инженерлік жүйелер бізде орталықтандырылған. Бір батырманың арқасында біз сабақтан тыс уақытта энергияның пайдалануын шектеп отырамыз. Барлық жерде терезелеріміз жаңа. Яғни ол іштегі жылуды сыртқа шығармайды. Батареялар жаңа болуы керек. Және батареялардың барлығы реттеліп тұруы керек. Қажет емес кезінде өшіріліп тұруы керек.
Былтыр мектеп ғимаратының қасбетіне «Энергетика болашақ ұрпақ үшін» муралы энерготиімді мектептер ішіндегі жеңімпаз құрметіне салынды. Электр және жылыту торабындағы үнемдеу құрылғылары басы артық рәсуаға жол бермейді. Және мектеп оқушылары үшін қуат көзін үнемдеуге қатысты жиі сайыстар ұйымдастырылып, жобалар іске асырылады.
Гүлжазира Сұлтанова, Астана қалалық №59 мектеп лицейінің директоры:
– Тек қана біздің мектеп емес, басқа мектептерді де үнемділікке шақырамыз.
Елімізде Жасыл экономикаға көшу саясатының шеңберінде 2012 жылы энергияны үнемдеу және энерготиімділікті жоғарылату заңы қабылданып, процес басталды. Мемлекеттік энергетикалық реестр механизмі енгізілген. 20 мың субъектінің энергосыйымдылығына мониторинг жүргізеді. Ол мұнай, газ, көмір, электр,жылу энергиясы сияқты 37 энергоресурс түрлері бақыланады. 2025 жылға дейін 30 пайызға дейін энерготиімділікке жету межесі қойылып отыр. Өнеркәсіп ошақтары үндемдеу құрылғыларын енгізіп, өңдеу саласы 30, өндіру саласы 10-15 пайызға дейін бұл көрсеткішке жете алды. Алайда ғимараттар әлі қуат көздерін ысырапқа салып отыр. Ескілерін қайдам, жаңа салынып жатқан үйлерде де үнемділік мәселесі мәз емес.
Елдос Абақанов, «Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Жобалық смета құжаттамаларын жасаған кезде міндетті түрде энергетикалық паспорт жасалуы керек. Энергетикалық паспорттың ішінде әр ғимараттың энергетикалық класын анықтайды. А,Б,С деп бөлінеді. Яғни бүкіл ғимараттар С дан жоғары болып салынуы керек. Біз анализ жасап көріп отырмыз, өкінішке қарай ғимараттар сол талапқа жетпейді немесе сол талапқа сай салынбайды.
Мәселен, тұрғын үйлер орта есеппен 1 жылда 1 шаршы метрге 270 квт сағат электр энергиясын тұтынады екен. Халықаралық норма – 110-150.
Энерготиімділікке ұмтылу дегеніміз – қарапайым үнем. Оның бісмілләсі бөлмедегі жарықшамын диодты үнемдісіне ауыстырудан басталады. Бұл жеке адам үшін – коммуналдық қызмет төлемдерінің арзандауы болса, мемлекеттік деңгейде миллиардтаған теңгенің үнемі. Себебі 6 жылдан соң 6 гВтқа дейін қуат көзіне тапшылық болады деп жатыр. Қамданыс қазірден қажет.
Берік Дүйсенбай, Қали Несіпбаев