Хабар телеарнасы

1 желтоқсаннан бастап дала жұмыстарына дайындық үшін диқандарды қаржыландыру басталады

Жеке тұлғалар міндетті декларациялаудан босатылады. Сондай-ақ жаңа уақыт белдеуі өзгермейді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Ал 1 желтоқсаннан бастап келер жылғы көктемгі дала жұмыстарына  дайындық үшін диқандарды қаржыландыру басталады. Бүгін жауапты ведомстваларға осындай тапсырма берілді. Жиында алдағы жобалар жайы да пысықталды. Ол жаңа тұқым түрлерін шығару, өңдеу өнеркәсібін дамытуға қатысты.  

Егінді көктемде егеді демесек оған дайындық алдын ала басталады. Қаржыландыру мерзімін 1 желтоқсан деп белгілеу сондықтан. Енді он күннен кейін Ауыл шаруашылығы министрлігі өтінімдер пулын жинақтауға кіріседі. Жиында алынатын өнімді өңдеу мәселесіде пысықталды. 2027 жылға дейін агросекторда жалпы құны шамамен 2,3 трлн теңге болатын 700-ден астам жобаны іске асыру жоспарлануда. Осы арқылы өңделген өнім үлесін 70% дейін жеткізу көзделген. Келесі мәселе отандық тұқым қорын қалыптастыру. 2028 жылы оның көлемін 80% жеткізу міндеті қойылды. Оның ішінде 15% элиталық тұқым болуы тиіс.

Мамандар бізде оған әлеует жеткілікті дейді. Ғылыми институттар қазірдің өзінде астықтың өнімділігін арттыратын тұқым сорттарын шығарып жатыр.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Алдағы жұмысшы мамандықтар жылы нағыз еңбек адамын ұлықтап қана қоймай ауыл шаруашылығындағы әрбір бағыттың белсенді дамуына мүмкіндік береді. Бұл ауылға қажетті мамандарды тартуға ықпал етпек. Біз нағыз еңбек адамдарын, қарапайым жұмысшыларды, еңбек әулеттерінің өкілдерін, кәсіпорындардағы, бизнес пен мемлекеттік сектордағы тәжірибелі қызметкерлерді қолдауға тиіспіз. Бұл – барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің міндеті.

Өнімнің түсімін арттыру үшін сапалы әрі қолжетімді тыңайтқыштар қажет. Олжас Бектенов отандық зауыттар шығаратын өнімдердің түрін, әсіресе органикалық тыңайтқыштар өндірісін ұлғайтуды тапсырды.

Келесі сұрақ – жалпыға бірдей декларациялау. Оның алғашқы қортындыларын қаржы министрі Мәди Такиев таныстырды. Бүгінге дейін аталмыш есепті 4,8 млн адам тапсырған. Олар мемлекеттік қызметшілер, коммерциялық ұйымдар, квазимемлекеттік сектор басшылары мен олардың жұбайлары. Қалған санаттағылар декларация тапсырмайтын болды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Аталған мәселеге Мемлекет басшысы өзінің назарын аударды. Бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың деректер базасы барынша цифрландырылған. Қаржылық және валюталық бақылау күшейтілді. Сондықтан мен 2025 жылы азаматтардың қалған санаттарын активтер туралы декларацияларды міндетті түрде тапсырудан босату туралы қаржы министрінің ұсынысын қолдаймын.

Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу. Қоғам арасында жекелеген тұлғалар оны қайта қарау қажет деген бастама көтеріп жүр. Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстанның 5-ші уақыт белдеуіне көшуінің артықшылықтары туралы баяндады.

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- UTC+5 уақыт белдеуі еліміздің халқының 76% астамы тұратын Астана, Алматы, Петропавл, Өскемен, Шымкент, Семей және Павлодар қалаларын қамтиды. Уақыт белдеуін өзгерту туралы қабылданған шешім ғылыми негізделген және экономикалық тұрғыдан орынды саналады.

Миністірдің айтуынша бүгінгі таңда әлемнің 195 елінің 117-сі географиялық орналасуына мейлінше жақын келетін уақыт белдеуін қолданады. Қазақстан үшін ол UTC+5. Сондықтанда таңдау осыған түскен.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Айдос Меделбеков