Соңғы 3 жылда балалар арасындағы мүгедектік 11% өскен
Елімізде соңғы 3 жылда балалар арасындағы мүгедектік 11%-ға өскен. Жүйке жүйесі аурулары жиі кездеседі. Мамандар әсіресе аутизмге ерекше алаңдаушылық білдіруде. Қазір олардың саны 11 мыңнан асыпты. Оның себебі неде? Оларды оңалту шаралары қалай жүргізіледі?
Аутизм. Мамандардың бір тобы оны генетикалық сырқат деп санаса, екіншілері психологиялық ауру қатарына жатқызады. Ортақ тұжырым - бала бойындағы ауытқу. Осы бұзылыс уақытша, кейде орта не ұзақ мерзімді болады. Дұрыс тәсіл қолданса, баланы қалыпты өмірге алып шығуға мүмкіндік бар. Астанадағы орталықтардың бірі осы қызмет түрін көрсетеді.
Гауһар Темірханқызы, мұғалім дефектолог:
- Дене қозғалыстарымен жұмыс жасалады. Кейбір балалар бізде денесін сезбейді. Өздерін ұрады. Сол қалыпқа келтіру жұмыстары жасалады. Бізде аутизм балалармен жұмыс үкі үйінде 25 минут жүргізіледі. Ол балалар аптасына екі рет келеді.
Одан басқа уақытта өзге жаттығу түрлері жасалады. Оның басым бөлігі ойын, логикалық тапсырмалар. Баланы оңалту үшін кешенді түрде жұмыс жүргізіледі.
Ғалия Әбенова, Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры:
- Біздің орталықта 283 бала бар. Оның ішінде психологиялық бұзылыстары бар 3-18 жасқа дейінгі және 18-29-ға дейінгі мүгедектігі бар балалар бар. Сонымен қатар 56 аутист бар. Бізде стандартқа сәйкес сегіз қызмет атқарылады. Оның ішінде тұрмыстық, психологиялық, педагогикалық, медициналық қызметке назар аударамыз. 5 бала коррекциялық мектепке ауысты.
«Аз да болса осының өзі үлкен жетістік»,– дейді мамандар. Негізі Қазақстанда психикалық ауытқуы бар балаларды оңалтуға арналған алғашқы мекеме 2006 жылы Астанада ашылған. Қазір мұндай мемлекеттік орталықтар еліміз бойынша 21 қалада бар. Мұның сыртында жекеменшік орталықтар да жұмыс жасайды. Ал 2012 жылы сала қызметін үйлестіру туралы арнайы заң қабылданды.
Майра Сүлеева, кешенді оңалту жобасының авторы:
-Аутизм неге көбейді? Оны негізінен генмен байланыстыратын. Қазір тағы бір себеп қосылды. Әсіресе жас аналар гаджетке әуестеніп, сәбиге де телефонды ұстата салуға әуес. Содан бала виртуалды әлемге еніп кетеді де, кәдімгі өмірді қабылдамайды. Ата-ана институты өз қызметін толық атқармай жатыр. Көп нәрсе қажет емес. Балаңызбен бөпе кезінен бастап сөйлесіңіз, сырласыңыз, бірге ойнаңыз. Қарапайым болып көрінгенімен осы арқылы баланың дұрыс тұлға болуына негіз қалайсыз.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Негізі өсу себептері ерте диагностика әдістерінің қайта қаралуы. 2021 жылдан бастап аутизмге байланысты жаңа скрининг енгізілді. Қазір 10 өңірде жүкті әйелдерді клиникалар арқылы бір күнде генетикалық және туа біткен ақауларды ерте анықтауға мүмкіндік беретін жұмыс басталып кетті. Осы уақытқа дейін 23 мың әйел тегін толық қаралды. Осындай жұмыстар жалғасады.
Соңғы 3 жылда балалар арасындағы мүгедектік 11% өскен. Жүйке жүйесі аурулары, туа біткен ақаулар, психикалық ауытқулар жиі кездеседі.
Мамандарды әсіресе аутизмнің көбейгені алаңдатып отыр. Мәселен 2021 жылы олардың саны 4800 болған екен. Кейін араға жыл салып 6, былтыр 9 мыңға жетіпті. Қазір 11 мыңнан асқан.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Самат Сүлейменов