Хабар телеарнасы

Елімізде өңдеу өнеркәсібі саласы өркендеп келеді

Елімізде өңдеу өнеркәсібі саласы өркендеп келеді. 2024 жылы аталған бағытта 5,3 процент өсім байқалды. Осылайша өңдеу өнеркәсібі көлемі жағынан 48 пайыздық көрсеткішпен 45 пайыз деңгейіндегі шикізат секторынан асып түсті. Яғни, шикізаттан гөрі өндірілген өнім көп деген сөз. Негізгі өсім қай салаларда басым?

Дамир Берікұлы, тілші:

- 2024 жылы өң өнеркәсіпте қара металлургия, химия өнеркәсібі және машина жасау алға шықты. Бүгінгі сюжетте аталған 3 бағыттағы жетістіктерді рет-ретімен баяндаймын.  

Алдымен машина жасау саласына тоқталайық. Үкімет Қазақстанды автокөлік өндірісі бойынша әлемдік дерважаға айналдырмақ ниетте. Сол үшін де жыл сайын машина жасау саласының әлеуетін арттырып келеді. 2024 жылдың өзінде Қостанайдағы жеңіл көліктер құрастыру зауытынан 77 мыңнан астам көлік шығарылыпты. Былтырдан бері тағы бір ірі зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Онда корей жеңіл көлік маркасының бірнеше моделі құрастырылады. Жобаның жалпы құны - 200 млн доллар. Басым бөлігі Оңтүстік Кореяның инвестициясы.

Ерлан Төлетаев, зауыттың департамент директоры:

- Біз мұнда жылына 70 мың автокөлік шығаруды жоспарлап отырмыз. Зауытта барлық желі автоматты түрде жұмыс істейді. 65 робот көлік құрастырумен айналысады. 2025 жылдың қазан айында алғашқы көлігіміз шығарылады деп отырмыз. 1 жарым мың жаңа жұмыс орны ашылады. Жас мамандарды Қазақстанның барлық қалаларынан алдыртып жатырмыз.

Қостанай облысында химия өнеркәсібі бойынша да тың жобалар бар. Мәселен, Рудный қаласындағы бұл кәсіпорын, дезинфекциялық және гигиеналық заттардың 100-ден астам түрін шығарады. Биыл өндірісте автоматтандырылған жаңа желі іске қосылды. Мұнда химиялық ерітіндіні ыдысқа құю, қақпағын бекітіп, заттаңбасын жабыстыру бәрі автоматты түрде атқарылады. Осылайша зауыт жылына 1 мың тоннаға жуық медицина, азық-түлік және тұрмыстық қажеттілікке арналған дезинфекция сұйықтықтарын шығарып отыр. Ал өнімдерінің жартысына жуығы шет елдерге экспортталады.

Бақытжамал Бірназарова, зауыттың қойма меңгерушісі:

- Бүкіл Қазақстанға жібереміз. Ресей, шетелдерге жібереміз. Күнде-күнде кете береді тауар шетелге.

Үкімет алдындағы келесі маңызды міндет – мұнай-газ химиясы саласын одан әрі дамыту. Қазір елімізде полипропилен мен полиэтилен өндіретін ірі жобалар бар. Алдағы уақытта бутадиен, карбамид және терефтал қышқылын шығаратын болашағы зор жаңа нысандар іске асырылады, - дейді жауапты министрлік мамандары. Ал, 2024 жылы қара металлургия өндірісі шамамен 11 процентке артты. Саланың оң көрсеткішке жетуіне шойын мен болат өндіру көлемінің өсуі сеп болған. Мәселен, 11 айдың қорытындысы бойынша Қарағанды металлургия комбинаты 3 миллион тоннадан астам болат өндіріп, 2023 жылғы көрсеткіштерден асып түсті. Ендігі меже – оны 5 млн тоннаға  жеткізу. Осындай ірі өндіріс ошақтарын шикізатпен қамтамасыз ету жаңа кен орындарын іздестіру маңызды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Қазақстан, жекелеген металдардың қоры бойынша жетекші орын алады. Бірақ, соған қарамастан бізде кен өндіру деңгейі кеміп барады. Себебі, қатты пайдалы қазбалар мен көмірсутек қорын іздестіру жұмыстарының қарқыны төмен. Оны мойындау керек. Сондықтан аталған бағытқа тың тәсілдер қажет. Үкімет осы саланы қолдауға, инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдай жасауға, заңнаманы одан әрі жетілдіруге ерекше назар аударады.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда соңғы 30 жылда темір, марганец, алтын, уран, мұнай және газ қоры молайған. Дегенмен, мұнымен тоқмейілсуге болмайды, - дейді Үкімет басшысы. Жалпы 2024 жылы өнеркәсіп саласында құны 1 трлн теңгеден астам 180 инвестициялық жоба іске асырылды. Қарағанды, Қызылорда, Жамбыл, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында жаңа зауыт, фабрикалар ашылды. Жобаларды енгізудегі негізгі мақсат – импортты алмастырып, отандық өнімдердің үлесін арттыру.

 Авторлар: Дамир Берікұлы, Азамат Сәметов.