Хабар телеарнасы

Шымкенттік арулар араб жерінде ат баптап жүр

Араб Әмірліктерінде қазақтың арғымақ баптау өнеріне қызығушылық артқан. Осы кәсіпке бала кезден қанық бірнеше отандасымыз Дубайда тұрып жатыр. Жергілікті ат спорты клубында қызмет етеді. Бірі шабандоз, бірі жаттықтырушы, енді бірі жүйрік жаратып, сәйгүлік сайлайтын кәсіпті меңгерген. 

Шымкенттік Назерке Қасымбек пен Бибігүл Байдар араб жерінде ат баптайды. Жарықтық жылқы жануарын жазбай танитын қасиет қос бұрымдының бойынан табылған. Араб атсейістерінің айтуынша, қазақ қыз-жігіттері бұл шаруаға аса епті келеді. Сондықтан қызметіне жүгініп, аттай қалап алдырған.

Назерке Қасымбек, шабандоз:

- Мына тұлпарымның аты Гэлекси. Мұны жас кезімде секіртуге үйретіп, жарыстарға осымен қатысып жүрмін. Негізі ат спортын Шымкенттің жасөспірімдерге арналған ұлттық спорт мектебінде үйреніп бастағанмын.

Қазақтың ат жарату өнері ұлға да, қызға да қоса дарыған. Ал олимпиада бағдарламасына енген сәйгүлік сайыстары ұлттық ойындарымызға ұқсас. Осы іске бала кезден машықтанған Бибігүл 3 жылдан бері атшабарға келушілерді жаттықтырып, конкур спортына бейімдеп жүр.

Бибігүл Байдар, ат спортынан жаттықтырушы:

- Жылқыны өз бабында ұстап тұру үшін әрбіріне бізде жеке жоспар бар. Атқа дайындаймыз. Біз осы жерде жұмыс барысымен болғаннан кейін Қазақстанда жылдар бойы үйренген, оқығанымызды барынша салып көрсетеміз.

Халқымыз секілді арабтар да жылқыны ерекше қастерлейді. Бабын білетін мамандарды әлемнің әр қиырынан шақырып, байрақты бәсеке өткізіп тұрады. Нәтиже де жоқ емес. Дубайлық кәсіпкер Әли әл-Марзугидің спорт клубы әмірлікке кең танымал. Қазір атшабарға жүйрік жаратуға келетіндер көбейген.

Ева Лопес, ат спорты үйірмесіне қатысушы:

- Ат спортымен таяуда ғана айналыса бастадым. Бибігүл мені осы іске үйретіп жүр. Жас болғанымен тәжірибесі мол. Аз ғана уақытта алғашқы жарысыма қатысуға мүмкіндік алдым

Арғымақ мінген арулар апта сайын Дубай және Әбу Даби төңірегінде өтетін ат жарыстарға да қатысады. Бірер күнде Назерке ұзақтығы 100 шақырым болатын аламан бәйгеде бақ сынайды. Ал Бибігүл конкур сынында өнер көрсетеді.

Рауан Мыңбай