Хабар телеарнасы

Жапондық домбырашы Акира Такегучи Алматыға келді

Ол бұған дейін Түркияда тұрып, сол жердегі қазақ диаспорасына кеңінен танымал болған еді. «Күншығыс елінің тумасы Қазақстанның мәдениетін жетік біле түссем»,– дейді.  

Бұл күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйі. Тартып отырған жапон жігіті. Бір қарағанда қазақтан айырмасы жоқ. Тек мына жазуды көргенде оның жапондық екенін аңғаруға болады. Қағазға «Мен Жапонияданмын. Қазақ мәдениетін жақсы көремін», - деп жазып қойған. Акираның айтуынша, домбыраны қолына алғанына 8 жылға жуықтап қалған. Қазақтың қара домбырасын алғаш рет Түркияға барғанда көрген. Үнін бірден ұнатыпты. Сол жақта 4 жылдай тұрып, студент қазақ жігітінен домбыра шертуді үйренеді. Қазір репертуарында «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын», «Көңіл толқыны» секілді 20-дан астам күй бар. Оның көбін бейнесабақ сатып алып, ғаламтор арқылы меңгерген.

Акира Такегучи, домбырашы:

-Мен кәсіби музыкантпын. Аспаптардың ырғағын, даусын жақсы ажыратам. Домбыраның күмбірлеген үнін естігенде таңғалдым. Екі ішектен керемет музыка шығады деп мүлдем ойламаппын. Дыбыс палитрасы өте бай. Домбыраны жақсы көргенімнен болар, тез үйрендім. Әрине қиындықтар болды. Бейнесабақтан күй үйренейін десем тіл білмедім. Сабақтың бәрі қазақ, орыс тілдерінде болды. Бірақ адамда ынта болса бәрін меңгереді. Тіпті Жапонияда бір музыкалық байқауда Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін орындап жеңімпаз атандым.

Акираның Алматыға келгеніне бір ай ғана болды. Әзірге көп ешкімді танымайды. Бос уақытында арбатқа келіп өнер көрсетеді. «Жапондық екенімді білгенде тұрғындар қол алысып, алғыс білдіреді»,-дейді.

Мирас Ержәмитов, Алматы қаласының тұрғыны:

-Домбыра аспабын басқа елдің азаматтары келіп әлемге танытып насихаттап жатса, әрине біз оған қуанамыз. Біріншіден өзім домбыра тарту білемін. 9 жыл домбыраға қатысқанмын. Осы кісінің тартқанына қарап тәнті болып отырмын.

Дина Рақаева, Алматы қаласының тұрғыны:

-Арбатта жүріп мына жігіттің домбыра шерткенін көріп бір-екі күйін тыңдап керемет. Өзім де домбыра шертемін. Бұлай мына жігіт сияқты тарта алмайды екенбіз.

Акира Такегучи күйшілер Секен Тұрысбеков пен Айгүл Үлкенбаеваның шығармашылығымен жақсы таныс. Олармен кездесіп, сабақ алсам дейді. Концертке қатысып, өнер көрсеткісі келеді. Оған қоса, күншығыс елінің тумасы ұлтымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетін жете тану үшін қазақ тілін үйренбекші. Ал домбыра тұтас бір философия. «Ұлттық аспаптың дыбыс палитрасы өте бай, тек оны тыңдай білу керек»,– дейді.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов