Бүгінде шаһарда 5 білім ошағы күрделі жөндеуден өтті. Бұл жұмыстарға бюджеттен 4,5 миллиард теңге бөлінген. Оған қоса 24 білім ордасында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ескірген мектептердің іші әрленіп, қасбеттері жөнделуде. Ауласы абаттандырылып, жылу жүйесі де ауыстырылып жатыр. Сонымен қатар орын тапшылығы бар 3 мектепте жапсарлас құрылыс салынуда. Солардың бірі №15 мектеп-гимназиясы. Бұған дейін 550 орынға арналған ескі ғимаратта 800 бала оқитын. Шеберханалар мен талапқа сай спортзалы болмаған. Жаңа нысанда оның бәрі қамтылып отыр. Жалпы Таразда 3 «Келешек мектебі» жұмыс істеп жатыр. Желтоқсан айында тағы бір осындай оқу ордасы оқушыларды қабылдайды.
Шолпан Есенәлиева, № 15 мектеп-гимназияның директоры:
- Ескі ғимаратта асхана, медициналық кабинет сыртта болатын, спортзал санитарлық талапқа сай келмейтін. Ал қазір жаңа ғимаратта — үлкен спортзалымыз бар, ол санитарлық талаптарға толық сәйкес келеді. Сонымен қатар 80 балаға арналған асхана мен толық жабдықталған медициналық кабинет бар.
Ұлана Сламбекова, қала әкімінің орынбасары:
- Бүгінгі күнге 4 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталып оқушылар өз мектептерінде білім алуда. Ал №54 мектептің құрылысы биыл басталды. Келесі жылға өтпелі. Оның оқушыларын біз 15 мөлтек аудандағы «Келешек мектебіне» орналастырдық. Олардың оқумен қамтылуы, барып қайтуы барлығы ұйымдастырылған.