Оқу ордаларын қажетті құрал-жабдықтармен қамтамассыз етуге бюджеттен 900 млн теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде кәсіптік білім беру үрдісі тәжірибе алаңдарына ауысқан.
Бұл оқу-жаттығу полигонында болашақ энергетиктер электр қуатын өндіріп, бағындыруды үйреніп жүр. Күн жарығынан электр алу құрылғысы, тоқ желісі тартылған бағаналар мен электр қосалқы станциясы бар.
Ғалымжан Ізімов, колледждің арнайы пәндер оқытушысы:
- Бұл жерде студенттер өзінің оқу-өндірістік тәжірибелері, арнайы практикалық сабақтар осы оқу полигонында ұйымдастырылады. Бұл жердегі барлық жабдықтар нақты өндірістік жабдықтарға сәйкестендірілген. Яғни теңестірілген.
Бірінші және екінші курс оқушылары биіктігі екі метр бағанаға ғана шығып, аспалы желілерде жұмыс істеуге машықтанады. Ал соңғы курста күрделі құрал-жабдықтарды игеруі тиіс.
Нұрәлі Әбдіраманов, колледж оқушысы:
- Бұл полигонды толықтай студенттер жинап шыққан. Мен осы АВР-ды жинадым. Яғни бұл күн энергиясын алып, аккумуляторда сақталады. Ол аккумуляторда сақтағаннан кейін тұтынушыларға тоқтаусық тоқпен қамтамассыз етеміз. Яғни барлық жұмыста кездесетін жағдайлар қамтамассыз етілген. Бұл полигон мамандығымызды толық меңгеруге көмек береді.
Облыс орталығындағы іргелі оқу орнында 10 жұмысшы мамандығы бар. Қазір шамамен 2 500 жас білім алып жүр. Сондықтан жыл соңына дейін тағы екі арнаулы кабинет жабдықтау көзделген. Жалпы «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында облыстағы 9 колледжге қаржы бөлініп, материалдық-техникалық базасы нығайтылады.
Жеңісгүл Мұхамбетпаизова, колледж директоры:
- Үлкен қолдау жасап, әр колледжге 100 млн-нан қаражат бөлген болатын. Осы орайда біз екі мамандық бойынша, біреуі «Мұнай және кен орындарын пайдалану» және «Автоматтандыру және басқару» деген екі мамандық бойынша үлкен материалдық-техникалық базаны нығайту барысында үлкен мүмкіндіктер алдық.
Өңірдегі білім ордаларында биыл жұмысшы мамандарды даярлауға басымдық берілген. Талапкерлерге бөлінген грант көлемі де былтырмен салыстырғанда екі есе артық. Нәтижесінде қыркүйек айында 4 мыңнан астам мектеп түлегі жұмысшы мамандығына оқуға түсті.
Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов