Ұлттық музейде Мұстафа Шоқайдың 135 жылдығына орай шара өтті
Түркі әлемінің көсемі – Мұстафа Шоқай. Осындай тақырыпта Ұлттық музейде көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерінің 135 жылдығына орай шара өтті.
Тарихшылар мен алаштанушы ғалымдар оның 20-ғасыр басындағы саяси еңбектеріне тоқталды. Әсіресе қазақ және барша түркі жүртының тәуелсіздігі үшін күрескен бірегей тарихи тұлға екенін атап өтті. Ұлттардың азаттығы үшін Алаш қайраткерлермен байланыста болуы, Еуропа елдерін аралап, ғалымдармен хат алмасуы, «Яш Түркістан» журналын шығаруы және өзге де қызметі айтылды.
Белгілі болғандай, Мұстафа Шоқайдың шығармалар жинағы 12 томнан тұрса, әлі орыс, француз және неміс тілдерінде жазған еңбектерін зерттеуді қажет етеді. Шара барысында №51 мектеп-гимназиясында жасақталған тарихи тұлғаның музейінен жәдігерлер көрсетілді.
Әбдіжәлел Бәкір, саяси ғылымдар докторы, профессор:
- Осы кезге дейін 900-ден астам еңбегінің 224-і ғана қазақ тіліне аударылып отыр. Орыс тіліндегі 448 мақаласы әлі аударылған жоқ. 138 француз тіліндегі әлі аударылған жоқ. 331 түрік, шағатай тіліндегі мақалалары аударылған жоқ. Шын мәнісінде, біз әлі осы тұлғаға шын мәнісінде көңіл бөле алмай келе жатырмыз.