Оралдық шеберлер Мәскеудегі фестивальден бірінші орын алды
Ел іші – өнер кеніші. Тері мен былғарыдан сәндік бұйымдар, паннолар жасайтын оралдық қолөнер шеберлерінің шығармашылығы өнер сыншыларының әркез жоғары бағасына ие. Ал жуырда «Ұлттық өнер галереясының» туындылары Мәскеуде өткен халықаралық фестивальде бірінші орынды жеңіп алыпты.
Оралдағы «Ұлттық өнер галереясының» негізі осыдан 25 жыл бұрын қаланыпты. Марина Ермекқалиева, Раиса Алексеева, Наталья Брикс атты суретші-дизайнерлер арт-студияны құрғанда өнер кеңістігінде ұлттық дәстүрді, мәдени ерекшеліктерді, өзіндік ою-өрнегімізді танытқымыз келді, - дейді. Бүгінде шығармашыл топ өз мақсатына қол жеткізгендей. Әр паннодан қазақтың болмысы көрінеді.
Марина Ермекқалиева, суретші-дизайнер:
- Мәселен, мынау Қазақстан аумағынан өткен керуен жолы. Киіз үй – қонақжайлығымыздың белгісі. Бұл біздің дәстүріміз. Тарих – уақыт өзені десек, толқындар жағаға фрагменттерді шығарып жатыр. Біз әлі ізденістеміз. Өнердің жаңа түріне негіз қаладық. Өйткені біз тері, былғарымен де, киізбен де, акварельмен де жұмыс жасап, өз еңбектерімізде осы технологияларды бір арнаға тоғыстырдық.
Шығармашыл топтың құрамында 10 адам бар. Әр туындының эскизін ұжым мүшелері бірлесе сызады. Идея өнер туындысына айналғанша бірнеше ай өтеді. Жуырда оралдық шеберлер Мәскеуде өткен халықаралық фестивальде коллаж жанрында бірінші орынды иемденіпті.
Ләззат Дүйсенғалиева, қолөнер шебері:
- Бізде былғарымен қиындық болады. Қазақстанда көп былғары жасамайды. Басқа елден аламыз. Түстері сәйкес келуі керек. Сосын былғарының өзі жақсы болуы керек. Жұп-жұқа мынадай етіп былғарыдан рельеф жасаймыз. Сосын үстін қаптаймыз. Мәскеудегі фестивальде менің «Моя музыка» дейтін жұмысым бірінші дәрежеде болды.
Сандуғаш Аюпова, арт-студия директоры:
- Бәрі авторлық жұмыс. Яғни бірінші біздер ойлаймыз, идеяны ұсынамыз. Сосын оны қағазға басып шығарамыз. Сосын технологтар ойластырады қалай жасау керек, қандай материалдан жасау керек. Әрі қарай осылай әдемі жұмыс шығарамыз. 25 жылдан бері 4-5 мың туынды жасадық.
Бүгінде осындай паннолар әлемнің 50 еліндегі жеке коллекциялардан орын алыпты. 2012 жылы АҚШ Президенті Барак Обамаға сыйланған тұмардың да оралдық шеберлердің қолынан шыққанын айта кеткен жөн. Шығармашыл ұжым өндірісті кеңейту мақсатында мемлекеттік грантқа өтінім беріп қойыпты.
Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов