Хабар

18 наурыз – ұлт ажарын аша түсер киімді ұлықтайтын күн  

Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Осыдан бірер күн бұрын өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп ұлттық болмысымызды дәріптеудің маңызы туралы айтқан. Ал бүгін 18 наурыз сол ұлт ажарын аша түсер киімді ұлықтайтын күн.  

Кеңсе. Сейсенбі. Қауырт жұмыс. Бәрі әдеттегідей дерсіз. Бірақ бүгін бір өзгеріс бар. Ұжымдағы әріптестерімізбен бірге ұлттық киім құндылығын арттыру үшін мынандай оюлы көйлектер, зерлі шапан мен камзолдар киіп келдік. Ал бұл тек қана бір күндік сән бе, әлде ұжымдағы дәстүр бастауы ма? Анықтайық.

Ұлттық киім – тек тарихи мұра емес, күнделікті өмірдің бір бөлшегі. Бұрын тек мерекеде ғана киетін камзол мен шапан, бүгінде заманауи стильге сәтті бейімделген. Ал оған сұраныстың артуы – отандық дизайнерлердің еңбегінің жемісі. Мәселен, Айдана Омарова сән әлемінде 10 жылдан астам уақыт жүр. Осы аралықта ол ұлттық нақыштағы 2 брендті қалыптастырып, оны Берлин, Париж, Милан сынды қалалардағы арнайы көрсетілімде таныстырды. Тіпті Стамбул мен Дубайда өз дүкенін ашты.

Айдана Омарова, халықаралық fashion дизайнер:

-10 шақты елде біз көрсетілімге бардық. Көп сұранысқа ие. Себебі біздің коллекцияларымыз басқа елдерге өте ерекше көрінеді. Біздің қазақи оюлар, киімдер, түстері ерекше болғандықтан.

Күнделікті өмірде ою-өрнекпен көмкерілген бешпент, камзол мен шапан кию – бұл тек сәнді тренд емес, мәдени мұраны дәріптеу жолы. Қоғам қайраткерлері де бұл үрдісті қолдайды. Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев үшін тақия кию – ұлттық рухты көрсетудің қарапайым, бірақ маңызды тәсілі.

Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Бұл біздің ұлттық құндылығымыз. Ұлттық байлығымыз. Төл мәдениетіміз. Мысалы, мен жай мына тақияммен жүргеннің өзінде де өзге ұлттың адамдары менімен қазақша сөйлесе бастайды. Бірден қазақ екенімді біліп жатады. Қандай жақсы!

Ұлттық киім – өткеннің мұрасы ғана емес, бүгінгі болмысымыздың бөлшегі болуға лайық. Оны кию – өз тарихымзды, өз мәдениетімізді мақтан ету. Демек, жаңа күн, жаңа жылмен рухымыз да қайта жаңғырып жатқандай!

Авторлары: Дана Әлиева, Қанат Абильдин