Қызылордада көне кітаптар көрмесі өтті

  • 74
  • 21.04.2025, 18:39

Биыл бірінші рет атап өтілгелі отырған Ұлттық кітап күніне орай Қызылорда облыстық Әбділда Тәжібаев атындағы ғылыми кітапханасында «Сирек басылымдар әлемінде» атты көрме ұйымдастырылды. Онда 1926 жылы басылған Ахмет Байтұрсынұлының «Жаңа құрал» әліпби, Ахмет Ясауидің 1904 және 1912 жылдары Қазанда жарық көрген «Диуани хикмет» кітабы қойылды. Көпшілік назарына ұсынылған туындылар қатарында 1929 жылы шыққан «Жаңа әдебиет» және 1944 жылы басылған «Майдан» журналдары да бар. Қолжазбалар мен сирек кітаптардың көбі жергілікті тұрғындардың жеке қорынан табылған. Ғылыми кітапханада сақталған мыңнан астам сирек туындының 10 данасы  қолжазба.

Гүлдерайым Қосназарова, кітапхананың бөлім меңгерушісі: 

- Жалпы бізде сирек қорда келген, қолдан тапқан кітаптарды, бір кітапты қалпына келтіру үшін 4 айдай уақыт кетеді. Қазіргі таңда 2010 жылдан бастап осы қалпына келтіру секторы өзімізде ашылды. 

Гүлбағира Бәкірова, тарих пәнінің мұғалімі: 

- Бұрыннан келе жатқан көне тарихи деректермен танысып жатырмыз. Өте керемет болды деп есептеймін. Бұдан кейін балаларымыз келіп, осы кітапханадан көптеген басылымдарды пайдалана отырып, өздерінің жұмыстарын жазады деген ойдамыз.