«Astana Eurasian Book Fair – 2025» халықаралық көрмесі басталды. Бұл Орталық Азиядағы ауқымды мәдени-ағартушылық іс-шараның бірі.
Бүгін – Ұлттық кітап күні. Дәл қазір елордада 8 халықаралық кітап көрмесі өтіп жатыр. Мұнда Қазақстан, Түркия, Қытай, Иран секілді елдерден 70-ке жуық компания қатысуда. Жасөспірімдерге, балаларға және ересектерге арналған түрлі кітап таба аласыздар.
Эдуардо Лильо Морено, жазушы:
- Көрмеде «Ормандағы көл» кітабын таныстырудамын. Бұл ертегі қорқуды білмейтін қонжық жайында. Ең бастысы, испан және қазақ тілінде шығардық. Себебі екі ел арасындағы мәдени алмасу біз үшін өте маңызды. Бірнеше жыл бұрын Қазақстанда мұғалім ретінде жұмыс істедім. Ал балалар кітабының авторы ретінде қайта келдім.
Бүгінгі алаң жас талғамайды. Балаларға арналған интеллектуалды ойындар да ұйымдастырылып, бірнеше кітаптың тұсаукесері өтті. Жәрмеңкеге келгендердің қарасы қалың. Қатысушылар дән риза.
Тоғжан Құрмантай, студент:
- 2023 жылы өткен кезде алғаш рет келдім. 2- рет келуім бұл жерге. Көрме жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бүгін алғашқы күні. Алда әлі уақыт бар. Бұдан да жоғары деңгейде өтетініне сенімдімін.
Фарида Тобашалова, ұйымдастырушы:
- Жалпы биылғы көрменің ерекшелігі – биыл елімізде алғаш рет Ұлттық кітап күні тойланып жатыр. Осы Ұлттық кітап күні оқырмандар арасында, жалпы халық арасында үлкен маңызға ие болу үшін біз осы күнге әдейі орайластырып отырмыз.
Іс-шара аясында «Жылдың үздік кітабы» байқауы өтеді. Жеңімпаздар 5 номинация бойынша анықталады.
Айта кетейік, халықаралық көрме 27 сәуірге дейін жалғасады.
Әлия Тәжібай, Дархан Кунтуов