Алматыдағы Ұлттық кітапханада сирек кітаптардың көрмесі ашылды

  • 577
  • 23.04.2025, 18:38

Ғасырлар қойнауынан жеткен жәдігерлердің арасында көне Құран, ең үлкен және ең кішкентай кітаптар бар. Ұлттық кітап күніне орай баспалардың жәрмеңкесі өтіп, жазушылармен кездесу ұйымдастырылды. 

Аршын Кемелжан, тілші:
 
- Ұлттық кітапханадағы ең көне қолжазба
ХІІ ғасырдағы Құран. Бұл кітап куфи жазуымен қара, қызыл және алтын түсті сиямен басылған. Салмағы 5 келіден асатын құранды Селжұқ сұлтаны қарындасының жасауына қосып, сыйлаған екен. Бұл жәдігер 1936 жылы кітапхана қорына енген.

Көрмеге кітап болып шыққан қазақ халқының тұңғыш ұлттық эпосы «Ер Тарғын» жыры да қойылды. 1871 жылы Қазан қаласында жарық көрген жыр талай зерттеуге арқау болған.    

Қанат Алтынбек, ҚР Ұлттық кітапханасының қызметкері:

- Ең бай мұрамыз – ол сирек кітаптар мен қолжазбалар. Оның ішінде 40 мыңнан аса жәдігер бар, оның ішінде мыңға жуығы қолжазбалар. Оның ішінде Шәкәрімнің, Мәшһүр Жүсіптің қолжазбалары, сол кісілерге қатысты тың деректер. Абайдың тұңғыш жинағы, 1909 жылы Санк-Петербургтен Әлихандардың шығарған кітабы бар. Жалпы біздің қорымыздың ауқымы, байлығы жөнінен Орталық Азияда алғашқы кітапханалардың алдына шығады.

Ұлттық кітап күні қаладағы өзге кітапханалар да кітап алмасу дәстүрін дәріптеп, «Қала оқиды» атты флешмоб ұйымдастырды. Кәдірбек Сегізбаев, Жүсіпбек Қорғасбек сынды жазушылар оқырман сұрақтарына жауап берді. 

Жүсіпбек Қорғасбек, журналист, жазушы:

- Кітапты оқылатын жерге, кітапты өтетін жерге жеткізе алмай жүрміз. Содан кейін бір кемшілігіміз, кітаптың насихаты дұрыс жүрмеген еді. Ал осы Атыраудағы ұсыныстан кейін, осы Ұлттық кітап күнін белгілегеннен кейін осы кітапқа деген қызығушылық күрт көтерілді.

Жиырмадан аса баспа соңғы жылдары жарық көрген кітаптарды оқырманға ұсынды. Сатушылардың айтуынша, соңғы кездері балалар әдебиетіне сұраныс артып келеді. 

Аршын Кемелжан, Кенже Амраев