Елімізде ең үздік 100 кітап анықталады

  • 618
  • 23.04.2025, 18:33

Астанадағы Қазақстан Президентінің орталығында «Astana Eurasian Book Fair-2025» VIII Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі басталды. Ауқымды шараға қазақстандық баспалармен қатар Ресей, Түркия, Испания, Иран, Өзбекстан, Португалия және Қытай елдерінен келген 70-тен астам компания қатысуда. Кітап жәрмеңкесі 4 күнге жалғасады. 

Жиында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин алғаш рет атап өтіліп отырған Ұлттық кітап күнімен барша қонақтар мен оқырмандарды құттықтады. Сондай-ақ қазақстандықтарды отандық ең үздік 100 кітапты жалпыұлттық сауалнама арқылы анықтауға шақырды. Үш ай бойы әр азамат eGov Mobile порталы арқылы өздерінің 10 сүйікті кітабын ұсына алады.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі: 

- Қазіргі қоғамның негізі үш тірегі – ғылым, мәдениет және білім. Білімнің бастауы – кітап оқу. Сауалнаманың мақсаты – тізімді жасақтау, анықтау ғана емес, азаматтарды, адамдарды осы туындыларды, авторлардың еңбектерін талқылауға шақыру. Кез келген еліміздің азаматы порталға тіркеліп, өзінің 10 сүйікті таңдаулы кітабын ұсына алады. Сауалнама үш ай бойы жүргізіледі. Нәтижесі тамыз айында Абай күні қарсаңында белгілі болады.