Мереке 1996 жылдан бастап аталып өтеді. 1995 жылдың 18 қазанында Қазақстан Президентінің Жарлығымен, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні деп жарияланды. Бұл этносаралық достық, толеранттылық сияқты, елдің маңызды құндылықтары дәріптелетін күн. Қазақ халқы қиын-қыстау кезеңдерде тағдырдың тәлкегімен босып келген түрлі ұлт пен ұлыстың өкілдерін бауырына басты. Бүгінде мемлекетімізде 130-дан астам этнос тату-тәтті тұрып жатыр. Бірлік, татулық және ынтымақ – елдігіміздің мызғымас тұғыры һәм мемлекетіміздің басты байлығы. Осы құндылықтарды дәріптейтін игі іс-шараларға 30 жылдан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйытқы болып келеді.