Алматыдағы «Жауынгерлік Даңқ музейі» заманауи технологиялар арқасында қайта жаңғырмақ. Атап айтқанда, әйгілі 316-атқыштар дивизиясына арналған экспозиция реконструкцияланады. Музейге келушілер Мәскеу үшін шайқасты, Панфилов дивизиясының ерлігін виртуалды әлем арқылы тамашалайды. Ауқымды жобаға аты аңызға айналған қолбасшы Иван Панфиловтың немересі жетекшілік етуде.
Алматы қаласындағы Панфилов атындағы Жауынгерлік Даңқ музейінде цифрлық технологиялар енгізіле бастады. Енді бұл тек Брест қамалынан әкелінген жәдігерлердің, қару-жарақ пен жауынгерлердің жеке заттарының көрмесі ғана емес, соғыс жылдарын тереңірек сезінуге мүкіндік беретін мәдени орынға айналады. Музейге келушілер генерал-майор Иван Панфилов пен оның дивизиясының ерлігін виртуалды реконструкциялар, интерактивті инсталляциялар және 3D-проекциялар арқылы тамашалай алады.
Алуа Байқадамова, Жауынгерлік Даңқ музейінің басшысы:
- Қазір арнайы панельдер орнатылған. Барлық материалдар осы панельдерде көрсетіледі. Кез келген адам өзіне қызықты құжатты таңдап, оны үш тілде — қазақ, орыс және ағылшын тілінде жақыннан оқи алады. Бұдан бөлек, диорама да басқаша көрініске ие болады. Экспозицияның соңында Қазақстанның Екінші дүниежүзілік соғысқа қосқан үлесіне қатысты мәлімет беріледі.
Алуа Байқадамова — генерал Панфиловтың немересі. Даңқ музейін он жылдан бері басқарып келеді. 1965 жылы тарихи экспонаттар Офицерлер үйіндегі бір ғана бөлмеде орналасқан болатын. Кейін оның анасы Валентина Иванқызы ардагерлердің басын біріктіріп, музейді жандандырды. Бүгінде музейге мектеп оқушылары мен студенттер жиі келеді. Мұнда олар қазақстандықтардың Брестті қорғауы, Берлинге шабуылы және Жеңіс туын тігуіне тарихи жәдігерлер арқылы көз жеткізеді.
- Қазақстаннан соғысқа шамамен 1 миллион 400 мың адам қатысты. Ал сол кездегі халық саны небәрі 6 миллионнан сәл асатын еді. Бұл соғыс әр отбасыға қаншалықты қиындық әкелгенін көрсетеді. Сондықтан жастар соғыс туралы көбірек білгісі келеді. Біз оларға өз батырларымыз бен еліміздің қосқан үлесі туралы айтамыз.
Байқадамованың айтуынша, көбіне тек 1941 жылдың қараша айындағы шайқастар жиі еске алынады. Бірақ қазан айындағы ұрыстарды да ұмытпау керек. Дәл сол кезде «Тайфун» операциясы басталып, оны Алматыда жасақталған Панфилов дивизиясы тоқтатқан болатын.
Көпесбай Жампейісов, 1-дәрежелі капитан, Алматы қаласының құрметті азаматы:
- Офицер ретінде мен әскер құрамасын құрудың қаншалықты қиын екенін жақсы білемін. Панфиловты Сталин Мәскеуге шақырып, арнайы тапсырма берді, дивизияны жасақтау керек болды. Бұл жай кездейсоқ таңдау емес еді. Панфиловтың ерекше таланты мен көрегендігі сол 15 мың жауынгерден бір мақсат пен бір рухқа жұмылған темірдей берік топ құра алды.
Музейде құжаттар өте көп, сондықтан экспозициялар басқа музейлермен салыстырғанда тығыз орналасқан, - дейді Алуа Байқадамова. Оның арманы – музейдің аумағын кеңейтіп, Жауынгерлік Даңқ музейі үшін бөлек, заманауи кеңістік ашу.
Гүлжан Көленқызы, Индира Унгарбаева, Әбен Нарымбаев